Қызылорда-Жезқазған жолының құрылыс жобасы сараптамаға дайындалуда
Қызылорда-Жезқазған жолы республикалық маңызға ие болса да, заты атына сай емес. Жол 30 жылдан бері жөндеу көрмепті. Ең сорақысы, мұндай жол тек бір бұл ғана емес. Жамау-жасқау жұмыстары нәтиже бермей отыр. Енді бұл мәселе шешімін табатын секілді. Көптен күткен құрылыстың жобасы сараптамаға дайындалып жатыр.
Әлеуметтік желіде Қызылорда-Жезқазған жолы туралы түрлі бейнетүсірілім бар.
Алтынбек Есенов Түркістан облысынан Нұр-Сұлтан қаласына азық-түлік тасиды. Қазір Шу бағытындағы жол жарамсыз болып қалғандықтан, алыс болса да, Қызылорда-Жезқазған трассасымен жүруге мәжбүр екен. Алайда бұл аралықтағы 400 шақырымның да жағдайы мәз емес.
Ерғали Бектеміров, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Жаңбыр жауғанда бұл жолдың 1-2 күн кепкенін күтіп жатасың. Грейдер келіп шығарса шықтың, шығармаса аш қалып, әйтеуір амалдап, өзің шығасың. Негізі осы жолды істесе дұрыс болар еді. Көлік сынып қалса, жолда қиналып жатамыз.
Жезқазған қаласына дейінгі жолдың жартысына жуық бөлігіне ғана осыдан 30 жыл бұрын асфальт төселіпті. Күре жолдың қазіргі жағдайы тіпті сын көтермейді. Төбеден снаряд жауғандай шұрық тесік. Бір жыртығын жамаса, екіншісі пайда болады.
Алтынбек Есенов, жол шебері:
- Қызылорда-Жезқазған жолына жылына бес мың шаршы метр бөлінеді. Барлық ой-шұқырды жамауға жетпейді. Жол тозған. Жеткен жерлерін жамаймыз. Қазір істеп жатыр, күзде қалған шұқырларын жамаймыз.
Жолдың жағдайы мәз болмаса да, күніне орта есеппен екі мың көлік әрі-бері қатынайды екен. Еліміздің батыс, оңтүстік аймақтарын орталық, солтүстік Қазақстанмен байланыстырып тұр. Ел экономикасындағы маңыздылығы жоғары.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Біз қазір Қызылорда-Жезқазған бағытындағы автодәліздің 128-шақырымында тұрмыз. Дәл осы жерден асфальт бітеді. «Асфальт» деген аты ғана болмаса, құрық көрпе секілді қырық жамау. Ал одан әрі қарай азапты жолдар басталады.
Ал азапты жол мәселесі қашан шешіледі? Көптің көкейіндегі сұрақ та осы.
Ерұлан Жүнісов, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК облыстық филиалының директоры:
- Автомобиль, көлік комитеті қазір финанс жағын сырт банктермен жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың аяғында ақша мәселесі шешіліп, биыл конкурс бітетін болса, соған дайындаймыз. Биыл дайындық жұмыстары жүреді де, ендігі жылы толық жұмыстар басталуы тиіс.
Мамандар жол құрылысы жобасының тиісті сараптамадан өтіп жатқанын айтты. Егер жоспар жүйеден таймаса, тақтайдай тегіс екінші категориялы жол салынады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов