Қала мен ауыл арасындағы сапа алшақтығы жойылады
Білікті ұстаздан тәлім алу талай баланың арманы ғой. Олардың білім деңгейін қазір қаладағымен салыстыруға аса келмейді. Мамандар ауыл мен қала арасындағы сапа алшақтығы 1,5 жыл, тіпті одан да көп уақытты құрайтынын айтып дабыл қақты осы отырыста. Мәселені бұлай қалдыру жарға жығады. Ендеше не істемек керек?
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Әдетте табиғи май мен құрт жеп, айран мен сүт ішуді аңсағанда, ауылымызды бір еске алатынымыз бар. Жеп-ішу емес, ондағы білім беру жайын Президенттің өзі бастап, мемлекеттік деңгейде көтергені ауылдағы ағайынды бір марақайтып тастады. Енді мәселемен танысып, оны реттейік деп, шешу жолын, уақытын, бағытын айтқаны кімді болса да қуантады ғой. Көбіміз қаланың жайлы өміріне бойымызды үйретіп аламыз да: «Ауыл – алтын бесік», – дейміз. Бірақ әңгіме туған өлкеде еңбек етуге келгенде, кежегеміз кері тартып қалады. Неге?
Нұрғазы Өтебаев, Мұрагер мектебінің директоры:
- Бұл мәселелерді шешу үшін ауылға барып, мұғалімдік қызмет еткісі келетін жастарды ынталандыру керек. Ол үшін олардың жалақысын өсіру қажет. Жергілікті билік сол мұғалім болып барған жастарға жағдай жасап, баспанамен қамтамасыз етсе, ауыл мектептерінде білім сапасы едәуір көтеріледі және қала мектептерімен теңеседі деген үміттемін.
Ал әзірге елді мекендерде көбіне зейнет жасына шыққан мамандар еңбек етіп жүр. Оның өзінде мұғалім жетпейді. Содан универсал мамандар пайда бола бастады. Қалжың аралас әңгіме, бірақ астарында ауыр шындық жатыр. Осыдан кейін сапа туралы жақ ашып айтудың өзі қиын. Міне, Мемлекет басшысының: «Қала мен ауыл арасындағы білім сапасының арасы жер мен көктей болып барады», – деп қынжылып отырғаны осы.
Ерлан Саиров, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Білім берудегі қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты жою керек. Бұл біздің елдегі халықтың, жастардың басым көпшілігінің әлеуметтік лифтілерге сәйкес келуіне қарама-қайшы келеді. Екіншіден, біздің елде цифрлық білімді кеңейту қажет. Өйткені біздің азаматтардың басым көпшілігі бүгінгі таңда осы цифрлық технологияны меңгеруде кенже қалып жатыр.
Оның бірнеше себебі бар. Карантинге байланысты қашықтан оқуға мәжбүр болдық. Бұл бастама әсіресе ауылдық жерде ғаламтор жұмысының нашарлығын көрсетті. Одан қалды оқушылар мен мұғалімдердің бәрінде компьютер, планшет сияқты аса қажет құрал болмады. Кеңеске қатысушылар осы тұста «телеарна арқылы сабақ жүргізуді әдеттегі практикаға айналдыру керек» деген ұсыныс айтты. Осылай білікті маманың сабағы барлық ауыл оқушыларына қолжетімді болады.
Ауыт Мұқибек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Енді қарап отырсақ, біз 30 жылда жай ат шаптыру, той жасау, ата-бабамызға тас орнатудан әрі аспай келдік. Ұлттық деңгейде жұмыс істеу қолға алынған жоқ. Міне, соған Президент жол ашқалы отыр. Осыған да сүйеніп, мектептердің мәселесін, құрылыс мәселесін шешіп алуға болады.
Енді оны шешу үшін нақты не істеу керек? Кеңесте айтылған тапсырмаларға тоқталсақ. 2025 жылға дейін 11 мың оқушыға арналған жүзден астам интернат салынуы тиіс. Оның сыртында ауыл спортын дамытуға да ден қойылады. Ол үшін болашақта 700 спорт залын салу міндеті жүктелді.
Қорыта айтқанда, алдағы 5-10 жылда білім саласында төңкеріс жасамасақ, көштен қаламыз. Сарапшылар бұл Білім және ғылым министрлігі ғана емес, барлық мемлекеттік мекеме тонның ішкі бауындай бірлесе атқаратын шаруа екендігін айтады.