Қызылорда облысындағы Байкенже ауылының тұрғындары экологиялық мәселеге шағымданды
Кен орны ашылғанда ауылдың әлеуеті асқақтайды деген уәде болған екен. Бірақ сол уәде тек сөз жүзінде қалғанға ұқсайды. Өйткені сол уақыттан бері өңірде көзге ілінердей ешқандай құрылыс салынған жоқ. «Табиғи байлықтың үстінде отырсақ та, тұрмысымыз төмен», – дейді жергілікті тұрғындар.
Сыңғырлаған қоңыраудың үні анық шығады. Бірақ металы да тозып, тесіліпті. Мына мектеп те осы қоңыраудың күйін кешіп тұр. Іргесі мүжіліп, қабырғасы қаусаған. Жаңа технологиядан жұрдай дей алмаймыз. «Интернеттен іркіліс жоқ», – дейді ұстаздар.
Таубай Төрениязұлы, Байкенже ауылының тұрғыны:
- Қазір әр бастауыш сыныптың өзінде 32 балаға дейін болады. Ал бұл жердің сыйымдылығы 100 балаға ғана арналған. Мектеп тар. Қазір 10-15 баладан артық сыймайды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- 100 орындық мектепке ауылдағы 260 оқушы сыймағандықтан, кезінде қойшының балаларынан қалған мына ғимаратта бастауыш сыныптың балалары білім алып жүр. Пештің сиқы мынау. «Қабырғасы қамыс болғасын шоғы түсіп, бір күнде өрт тұтанып кете ме?!», – деп тұрғындар қауіптенеді. Ал санитарлық талаптар туралы айтудың өзі артық секілді.
Байкенжеліктер талай жылдан бері таза суға да жете алмай келеді екен. Ескі ұңғымадан ішіп отқан тіршілік нәрінің сапасы сын көтермейді. Ауылда жол мәселесі де өзекті. 14 көшенің тек біреуіне ғана асфальт төселген.
Нұрғали Оспанов, Байкенже ауылдық округінің әкімі:
- Ауылға, облыстық бюджетке мемлекетіміздің қазынасынан қаржы түсіп жатыр. Сол қаржыны ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуге жұмсаса игі болар еді.
Ауыл түбінен шығып жатқан табиғи байлықтан тамшыдай үлес еншілесек. Тұрғындар тілегі – осы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, эколог мамандар және жергілікті билік өкілдері байкенжеліктердің базынасын зерделеу мақсатында елді мекенге арнайы келді.
Бақытжан Ниязов, облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында құрылып отырған жобалық кеңсенің, яғни «Ақмешіт адалдық алаңы» құзыретінің шеңберінде бұл мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін боламыз.
Адай Салыбеков, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:
- Ауылға су Сырдария топтық су жүйесімен келіп тұр. Бірақ Талап топтық су жүйесі бітпеген соң, бұл жаққа су бере алмай отырмыз. Биыл бітіреді. Жаңа мектеп салуға қаржыны қарастырып, жұмыс істеп жатырмыз.
Тұрғындар ауаның тазалығына да күмән келтірген. Іргеден уран қазылып жатқан соң, себеп те жоқ емес.
Марат Құрманбаев, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- 2020-21 жылдарға арнайы қаржы бөліп, осы жерлердің экологиялық жағдайын арнайы зерттеуге тәуелсіз сараптама жүргізетін болды. Оның қорытындысы, жүргізілу барысы жалпы осы жердегі жергілікті тұрғындардың қатысуымен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен олардың пікір-ұсыныстарын ескере отырып, жүргізіледі.
Тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайды. «Айтулы мәселелерді шешу жолы қарастырылып жатыр», – деді әкімдік өкілі. Бірақ нақты қашан екені белгісіз. Ал белгілісі, табиғи байлықтың үстінде отырған байкенжеліктер әзірге кермек су ішіп, көне мектепте білім алуды жалғастыра бермек.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов