ШҚО кәсіпкерлері мемлекеттік сатып алуға күмәнмен қарайды
Биылдың өзінде жол жөндеу саласында бір ғана компания 1 млрд 700 млн теңгенің тендерін ұтқан.
Бұған наразы басқа құрылыс компаниясының жетекшілері Президентке үндеу жолдады. Олардың айтуынша, мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаржыны соңғы 2-3 жылда үнемі 1-2 мердігер ғана жеңіп келген.
Жол құрылысы мен геологиялық зерттеу саласында талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мердігерлер аймақтағы мемлекеттік сатып алуда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық бар деп күдіктенеді.
1 млрд 700 млн теңге. Бұл – жол жөндеу бойынша бір ғана мердігердің ұтқан қаржысы. Шығыста осы саласындағы дау өткен жылы басталған. Басты себеп: 2 компанияның ғана жеңімпаз деп танылуында. Талай жыл тек жол жөндеумен шұғылданып келе жатқан Александр Федосов конкурсқа басқа кәсіпорынның ілінбегенін түсінбей дал.
Александр Федосов, жол жөндеу компаниясының директоры:
- Мәселен, біз қаладағы ең ірі салық төлеуші компания ретінде тіркелгенбіз. Тендерді өткізу кезінде оған да қараған жоқ . Бұл тек бізге қатысты емес. Талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тағы ірі үш компания да тендерден жеңе алмады.
Тек жол емес геологиялық барлау саласындағы компания өкілдері де өңірдегі тендердің өткізілуіне өкпелі. Жарты ғасырға жуық жерасты су қорын зерттеп келе жатқан Болат Бағадаевтың компаниясы да соңғы екі жылда мемлекеттік тапсырыстан қағылған. Тіпті былтыр тендерден жеңіп тұрса да, мемлекеттік конкурстың нәтижесін облыс әкімдігі теріске шығарған. Осының кесірінен аймақта былтыр 33 ауылға су мұнарасы орнатылмай қалды. Өткен жылы өтпеген тендерді биылғыға қосып өткізіп жіберген.
Болат Бағадаев, Геологиялық-барлау компаниясының директоры:
- Биыл былтырғы және биылғы бағдарламаларды қосып, тағы да байқау жариялады. Бірақ қайта шегеріп тастады. Одан соң елдегі эпидемиологиялық ахуалды пайдаланып, келесі фирмаға бере салды.
Ол қандай фирма екенін ешкім айта алмай отыр. Карантин кезінде мемлекеттік сатып алудың ережесіне өзгеріс енген. Яғни эпидемия кезінде тендерге тек нақты жұмыс атқарылатын жердегі компаниялар қатысады. Кәсіпкерлер Үкіметтен қабылданған бұл шешімді жергілікті атқарушы билік өкілдері өздері икемді пайдалып отыр деп есептейді.
Бір қалада тіркелген екі компанияның бірі тендерге қатысып, жеңімпаз атанса, екіншісінің құжаты да қабылданбаған. Кәсіпорындар барлық құзырлы органға шағым жазғанмен, еш нәтиже жоқ.
Александр Федосов, жол жөндеу компаниясының директоры:
- Халық арасында облыс әкімі мен оның қол астындағы қызметкерлердің жұмысына қатысты сауалнама жүргіздік. Сауалнама толтырғандардың 70-80% көңілі толмайды. Өйткені тендер әділетсіз өтеді. Сол үшін біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтінім жасадық.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл өткізілген тендердің біразының күші жойылған. Оған қоса бюджетке енгізілген түзетулерден соң қаражат қысқарып қалған. Сондықтан әкімдік өкілдері: «Ешқандай жемқорлық жоқ», – деп отыр.
Арман Ысқақов, қалалық Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы:
- Бюджетті жоспарлау комиссиясы қайта қарап, 690 млн теңгені қысқартты. Бұл – қаржыны оңтайландыру бойынша қабылданған шешім. Әкімшілік шығындар мен көлік сатып алу және жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы да қысқартылып отыр. Сол үшін кейбір өткізілген тендерлердің күшін жоюға тура келді.
Дегенмен қысқартуға түскен қаржы кейіннен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қайта бөлінген. Ал өңірдегі кәсіпкерлік палата тендерге қатысты тараптардың арыз-шағымы бойынша жұмыс комиссиясын құруды ұсынды. Оның құрамына барлық құзырлы орган өкілдері кірмек. Осы комиссия тендер мен мемлекеттік сатып алудың заңдылығын тексереді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин