Таразда Балаларды қорғау күніне орай әлеуметтік-спорттық 5 нысан пайдалануға берілді
Сонымен қатар облыс орталығында алғаш рет жастарға қызмет көрсетуге бағытталған фронт-кеңсе ашылып, жұмысын бастады. Онда 22 мекеменің мамандары тегін қызмет көрсетеді.
«Асылмұра» фронт-кеңсесінде өңірдегі тарихи-мәдени нысандарды сақтау бағытында волонтерлерге әдістемелік қолдау көрсетіледі. Олар мұнда зерттеу және жобалық жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар жастарды оқыту, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту сияқты мәселелерге қатысты кеңес беріледі. Оларға 22 мекеменің мамандары тегін қызмет көрсетеді. Тағы бір мерекелік ерекше тарту – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті ойын алаңшасы. Жаңа алаңқай бөбектердің даму ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып салынған.
Айнұр Ташкентбаева, қала тұрғыны:
- Әсіресе денсаулығы әлсіз балаларға өте жақсы. Тараз қаласында осындай алаңдар көптеп ашылса, жақсы болар еді. Балалар далаға шығып, көңіл-күй көтеріп жүр. Балаларды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Денсаулықтары мықты болсын! Барлық бүлдіршінге бақытты балалық шақ тілеймін!
Бұл кешенді демеушілер өз қаражатына салып, балаларға мереке қарсаңында тарту жасап отыр. Бұл жердің жалпы аумағы 1300 шаршы метрді құрайды. Бұдан бөлек мұнда ересектердің де бір мезгіл спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Балалардың ойын алаңы да бар.
Спорттық кешен «Менің елім» бағдарламасы аясында салынып отыр. Мұнда бір мезетте 100-ден астам адам спортпен шұғылдана алады. Ал ойын алаңдарының бұл аулада салынуы кездейсоқ емес. Мұнда 1500-ден астам адам тұрады.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Осындай жұмысты қазір бүкіл қалада қолға алынуда. Биыл ең кем дегенде осындай 196 алаң саламыз. Мынадай үйлердің ең кем дегенде 150-ін жөндейміз. Оған біздің қаржымыз, мүмкіндігіміз бар.
Өңірде биыл әлеуметтік инфрақұрылымды дамытып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе Қордай ауданында жұмыс қарқынды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә