Жиырмадағы жастар әкім кеңесшісі қызметіне тағайындалды
Дипломын күні кеше ғана алған жастың әкімге ақыл айтып, келелі кеңес беріп отырғанын сіз қалай қабылдар едіңіз? Осыдан бірер ай бұрын Ақмола, Түркістан облыстарында 20-ның о жақ, бұ жағындағы жастар әкім кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Байқағанымыздай, жалпы біздің қоғам жастарды биліктен көруге аса дайын емес. Әлеуметтік желі сан алуан пікірден жарылып кете жаздады.
Өйткені Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі болған қыз небәрі 22-де, ал түркістандық кеңесші 21 жастағы студент жігіт болатын. Шынында да олар қандай еңбегі үшін бұл лауазымға тағайндалды екен? Оның үстіне олардың бір тиын алмай, тегін жұмыс істейтіні рас па?
Небәрі 20-дан енді асқан жастардың білдей бір облыс әкімінің кеңесшісі болып тағайындалуын біздің қоғам тосырқай қабылдады. Бәрінің көкейінде бір ғана сұрақ болды. Ешқандай тәжірибесіз мұндай лауазымды қызметке қалай келуге болады? Әлеуметтік желідегі пікірлер де сан-саққа бөлінді.
Әрине, журналист ретінде бұл сауал бізді де қызықтырғаны рас. Жауабын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен сұрадық. Бірақ олар бұл пікірлерді түбірімен жоққа шығарды.
Екеуінің де ата-анасының шенеунік емес екені, мемлекеттік қызметте істемегені рас болып шықты. Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі 22 жасар Самира 2016 жылдан бері Jas Otan жастар қанатында белсенді қызмет етіпті. 2018 жылдан бері «Адалдық алаңы» жобасының менеджері болған.
Самира Тайтенова, Ақмола облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:
- Бүгінгі таңда барлық «Адалдық алаңы» жобалық жетекшілері облыс әкімдерінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Менің ойымша бұл – «Адалдық алаңы» жобасының үлкен дәрежеге және деңгейге өскенінің қорытындысы.
Түркістандық Асылдың да кеңесшілікке келуіне осы жоба себеп болыпты.
Асыл Алдаберген, Түркістан облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:
- 2019 жылдың наурыз айынан бастап Түркістандағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде жұмысымды бастадым. Еңбегім бағаланып, артынша аталған кеңсенің жетекшісі болдым. Облыс әкімінің өзі бұл жобаға жоғары бағасын берді. Сосын артынша әкімнің штаттан тыс көмекшісі болуға ұсыныс түсті.
Ұққанымыз, әр өңірдегі «Адалдық алаңы» жобасының жетекшілері жемқорлықты азайту, халықтың билікке деген сенімін арттыру бағытында жұмыс істейді екен. Егер әкім лайық көрсе, кеңесші де бола алады.
Расул Медетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің директоры:
- Келіп-түсетін барлық шағым, арыз, өтініш, белгілі бір ұсыныстардың бәрін осы азаматтар қабылдайды, мониторинг жасайды. Қажет болса, облыс әкіміне немесе облыс аппаратына тиісті ұсыныстарын енгізеді, кеңестерін береді. Сол өңірдің өркендеуіне және сол облыстағы сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне жұмыс жасайды.
Бірақ Самираға да, Асылға да «Адалдық алаңы» кеңсесіндегі айлығынан бөлек, кеңесшілікке қатысты бір тиын да жалақы төленбейтін болып шықты. Штаттан тыс еңбек еткендіктен, еңбек кітапшасында да жұмыс өтілі көрсетілмейді. Мамандар: «Патриоттық сезімі басым жандар ғана осындай қадамға барады», – дейді.
Айбек Сыдықов, психолог:
- Адам нені істей алады, нені меңгере алмайды, ол оның жасына байланысты емес. 18 жасында жетістікке жеткен жандар бар, керісінше 30-ға келіп, орнын таба алмай жүргендер де жеткілікті.
Ұлттық кеңестің соңғы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі кадрларды жаңарту қажеттігін тағы айтты. Мұның тек әкімдіктерге емес, Парламентке де, Үкіметке де қатысы бар. «Кәсіби тұрғыдан даяр, патриот жас болса, олардың дарынын билік жүйесінде пайдалануымыз керек», – деді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Дамир Шайдаров, Нұрлан Малгелдинов