Адамды ажалдан алып қалған Мирас Бейсен марапатталды
Ол ағыны қатты өзенге көпірден құлаған ер адамды құтқарып қалды. Былтыр «Арыстан» мамандандырылған лицейіне оқуға түскен бозбала оқуда озат, суда шебер жүзетін болып шықты.
Талғардың тау-тасын аралап өскен жасөспірім батыр бабалар ізін қууды армандайды. Оның батыл әрекетін ерлікке балаған ұстаздары мен тәртіп сақшылары оны өзге қатарластарына үлгі етіп, арнайы марапаттады.
Оқиға Талғар қаласында кешкі 17:00-ден кейін болған. Осы көпірден өтіп бара жатқан Мирас пен Нұр өзенге секірген адамды байқап қалады. Олар шұғыл шешім қабылдап, құлап бара жатқан адамды құтқаруға асығады. Үш күн бұрын өзен тасығандықтан, қарқыны қатты болған. Соған қарамастан, Мирас батылдық танытып, өмірмен қоштаспақ болған азаматты жағаға шығарып алды.
Мирас Бейсен, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанты:
- Қазір бұл өзен тартылып қалған. Оқиға болған кезде тасып жатты. Адамды құтқарғаннан кейін полиция және жедел жәрдем қызметкерлері келді. Құтқару кезінде қорқыныш болған жоқ. Тек сол адамды аман-есен алып шығуды ойладым.
Сол сәтте Мирас қасындағы досы Нұрға: «Дереу полиция мен жедел жәрдемге хабарлас», – дейді. Оқыс жағдайда абдырап қалмай, шапшаң қимылдап, батылдық танытқан достардың арқасында көпірден құлаған адам аман қалды. Аяғы сынып, түрлі дене жарақатын алған. Қазір аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр.
Нұр Әубәкір, Мирастың досы:
- Бауырым кетіп қалды. Артынан қарап тұрмай, мен де өз көмегімді тигіздім.
Мирастың жасы 15-те. Өткен жылы «Арыстан» мамандандырылған лицейіне оқуға түскен. Суда шебер жүзеді. Оқуда озат. Бозбала батыр аталарын үлгі тұтады. Оның адамды құтқарғанын естіген оқу орнының ұстаздары алғысын айтты. Батыл қадамын ерлікке балады. Ал облыстық Полиция департаментінің басшылары арнайы келіп марапаттады.
Сәбит Тауланов, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің директоры:
- Біріншіден, бұл отбасыдан алған тәрбиесі деп ойлаймын. Әке-шешесіне алғысымызды білдіреміз. Мұнда үшінші жыл оқиын деп жатыр. Бала жолдастарының арасында өз орнын біледі.
Мирас пен Нұр бала кезден дос. Талғардың тау-тасын аралап, өзен-суына түсіп, шынығып өскен. Олар бұл әрекеттерін қиын жағдайға тап болған адамға қамқорлық пен көмек көрсету деп біледі.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев