Қапшағай тұрғындары суармалы суға жарымай отыр
Ал елді мекенді сумен қамтамасыз етуге жауапты мекеме ешкімнің рұқсатынсыз бұрынғы су құбырын ауыстырып тастаған. Жергілікті халық қала әкімдігіне бұл мәселені бірнеше мәрте айтыпты.
Гүлбазар Тәжімұратова саяжайында көкөніс отырғызған. Бұған дейін су тапшылығын сезбепті. Ал қазір өрік пен алма ағашы мезгілінен ерте сарғая бастапты.
Гүлбазар Тәжімұратова, саяжай тұрғыны:
- 15 сәуірде су беру керек еді. Содан бері су жоқ. Мен картоп, асқабақ, қызанақ ектім. Ауызсумен суару қымбат, бір текше метрі – 241 теңге.
Қапшағай қаласына қарасты «Строитель» саяжайында 2 мың адам тұрады. Өткен жылы кооператив басшысы ауылдағы ескі құбырды ауыстырып, орнына жаңасын салған. Алайда көлемі кіші пластик құбыр жарамсыз болып шықты.
Ардақ Нүрекенова, саяжай тұрғыны:
- Биыл көктемнен бастап құбырларды қазып алып, өткізіп тастапты. Одан кейін пластик құбыр қойды. Ана жерде су жиналатын бассейн бар. Ал сорғыны қосқанда құбырлардың бәрі жарылып кетті.
«Строитель» кооперативінің басшысы Баққожа Мамыраев наразы халықпен кездесуге келмеді. Кеңсесінің есігі жабық. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдағысы келмейді. Өзімен бетпе-бет жүздесіп, мұңын айту үшін халық күнде осында келіп, есігін торуылдап жүр.
Гүлнәр Қаражігітова, саяжай тұрғыны:
- 10 күннен соң келетін судың жоқтығына екі айдың жүзі болды. Басшының өзі жоқ. Қашып жүр. Соңғы рет әкімнің ауызсуға байланысты жиналасында көрдік.
Кооператив басшысының орынбасары Азат Ұзақов та бұл жөнінде ешқандай түсінік бергісі келмеді.
Жалпы саяжайға суырмалы су құбыры Қапшағай су қоймасынан тартылады. Алайда жұмыс уақыты болғанмен, бұл жерден де ешкімді таппадық.
Алмас Садуақас, тілші:
- Көл жағалауында тұрып суға жарымай тұрған елді мекенге су сусорғыш арқылы жеткізіледі. Алайда сорғы мүлдем жұмыс істемейді. Яғни ауылға бірде-бір тамшы су барып жатқан жоқ. Ал Қапшағай қаласы әкімдігінің айтуынша, «Строитель» елді мекені жеке тұтынушы кооператив болып саналады. «Сондықтан ондағы коммуналдық-шаруашылық мәселесіне кооператив басшылығы жауапты», – дейді.
Сағдат Нұрғазиев, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:
- Уәкілетті органдар мен қалалық су құбыры мекемесінің қызметкерлерімен бірге кешелі бері осы мәселемен айналысып жатырмыз. Біз қажетті материалдарды табуға ықпал жасаймыз. Құбыр тартып, халықты сумен қамтамасыз етпекпіз.
3 шақырым су құбыры ашық-шашық жатыр. Талапқа сай болмаған соң әр жерінен тесіліп, су далаға ағуда. Елді мекендегі бассейнде де су жоқ. Қазір кооператив басшысының ісіне қатысты қалалық прокуратураға арыз түскен. Енді бұл мәселенің ақ-қарасын құзырлы мекеме ажыратады. Тұрғындар бұл мәселе шешілгенге дейін саяжайдағы бау-бақша қурап кетпесе болғаны деп уайымдап отыр.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев