Алматыдағы «Достық» саябағы төңірегінде дау туды
Бірақ қалалық әкімдік өкілдері: «Тек қураған ағаштарды кесеміз», – дейді. Есентай өзенінің жағасындағы саябақ – сол маңайдағы тұрғындар үшін бір мезгіл серуендейтін жалғыз демалыс орны. Бақтың жобалық-сметалық құжаттамасы 2017 жылы жасалған. Бірақ қаражат биыл ғана бөлініп отыр. Құрылысшылар жұмысқа кіріскенде тұрғындар қарсылық танытты. Өйткені олар жөндеуден кейін ағаштардың қатары сиреп, бақ іші ойын-сауық орнына айналады деп қорқады. Дегенмен қолдайтын азаматтар да бар.
Мұнда шамдар мен суару жүйесі жаңарады. Балалар және спорт алаңы болады. Шахмат клубы мен иттерді серуендететін орын да қарастырылған. Көпшілікті алаңдатқан ағаш мәселесіне келгенде әкімдік өкілдері: «Тек қураған талдарды кесеміз», – дейді. Үш жыл бұрынғы есеп бойынша ондай 99 ағаш бар. «Ал сахна салынбайтындықтан, мәжбүрлі түрде кесіледі деген 70 ағаш сол күйінде қалады», – дейді мамандар.
Нұрлан Құтыбаев, қалалық Жасыл экономика басқармасының бас маманы:
- Тек ақаулы жағдайда тұрған ағаштар ғана кесіледі. Оған қураған, шіріген, қисайған ағаштар жатады. Ағаштарды кескен жағдайда да жақын аумақта тұратын тұрғындармен ақылдаса отырып бірге қарастыратын боламыз.
Аумағы 4 гектардан асатын «Достық» саябағын «Достар» құрылыс компаниясы жөндеп жатыр. Келісімшарттың құны 333 млн теңгеден асады. Жоспар бойынша мұндағы жұмыстар 2021 жылдың наурыз айында бітуі тиіс.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- Қазір саябақтағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігер компания басшыларының айтуынша, кейбір жобалар бойынша тұрғындармен келісімге тез келетін болсақ, жөндеу жұмыстары осы жылдың соңында-ақ аяқталады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев