Хабар телеарнасы

Алматыда Д.Қонаев мінген лимузин қалпына келтірілді

Сирек кездесетін «Зил-114» көлігін Кеңестік Қазақстанның басшысы 1976-1978 жылдары мінген. 90-шы жылдары гаражда тұрған көненің көзі біраз уақыттан соң жекенің қолына өтеді. Ал былтыр машина Қонаев атындағы Халықаралық қорға қайтарылды.

Реставрация жасалған сирек кездесетін көлік алғаш рет журналистерге көрсетілді. «Зил-114» кезінде Кеңес Одағының автомобиль өнеркәсібінің ең жоғары жетістігі болды. Бар болғаны 103 данасы шығарылған көліктің салмағы 3 тоннадан астам, ұзындығы 6 метр. Лимузин сегіз цилиндрлі 7 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған. 300 аттың күші бар.

Қонаевтың сол кездегі жүргізушісі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері Сергей Корнеев болыпты. Ол алғаш рет жаңартылған көліктің тізгініне отырып, Димаш Ахметұлын көлікпен жұмысқа апарған жастық шағын еске алды.

Сергей Корнеев, Д.Қонаевтың жеке жүргізушісі:

- Шынымды айтсам, сол кезде арқамнан суық тер шықты. Қалайда қателеспеуді ойладым. Біріншіден, менің артымда Мемлекет басшысы отыр, екіншіден, қатты толқып тұрғаным бар. Дегенмен діттеген жерімізге жеттік. Димаш Ахметұлы менің жайымды сезіп отырыпты, көліктен түскенде «Сереке, қобалжыма, сабырлы бол. Мен ешқандай ескерту жасамаймын. Көлік жүргізу кезінде жүргізушіге ескерту жасаудың қандай болатынын білемін», - деді.

Қор басшылығы алдағы уақытта «Зил-114» автокөлігін «Қонаев орталығы» тарихи кешеніне сыйға тартпақ.

Айта кетейік, бұл нысан Қонаев қаласында салынады. Ерекше көлік тарихи көрменің ең басты жәдігері болатыны сөзсіз.