Қостанай облысындағы ауылдарға асфальт төселеді
Мысалы, Бейімбет Майлин ауданында жергілікті маңызға ие тасжолдардың жартысы күрделі жөндеуді қажет етеді. Соңғы екі-үш жылда бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, ауқымды жобалар қолға алынған.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бейімбет Майлин ауданында жергілікті маңызға ие 300 шақырымнан астам жол бар. Соның жартысына жуығы жарамсыз күйде. Мысалы, Әйет кентінен Қостанайға апаратын тасжолдың сиқы осындай. Бұл жол жарты ғасырдан астам уақытта жөндеу көрмеген.
Айбек Хасенов, Әйет кентінің тұрғыны:
- Қостанайға дейін 90 шақырым. Жаңбыр жауған кезде асфальттың беті көрінбейді. Сонда қиын. Дөңгелек жарылып, көлікті жөндеп әуреге қаласың.
Қаншама жылдан бері жүргізуші мен жолаушыны діңкелетіп келген бұл жолды да биыл жөндеу кезегі келіпті. 28 шақырымдық аралықты қалпына келтіруге 1 млрд тенге қаржы бөлініп отыр. Жоспар бойынша қазан айына дейін аяқталуы тиіс. Тақыр жерге жаңадан салынып жатқан тағы бір ірі жоба – Әйет кентіндегі айналма жол құрылысы.
Алмас Досжанов, ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:
- Оған жүк көліктері кірмес үшін жол құрылысына 126 млн-дай қаражат бөлінді. Ресеймен шекаралас болғандықтан, жүк көліктері осы жолмен көп жүреді. Сондықтан жаңа жол салынып жатыр.
Күре жолдан бұрылыста жатқан Увальный және Ленин ауылдарына жету қиын. Бұл бағытта асфальт өмірі болған емес. Көтерме жол да күз бен көктемде батпаққа батып, қыста қарға малтығып жататын. Енді бұл ауылдарға да асфальт жеткелі тұр.
Мақаш Таймасов, Новолинов селолық округінің әкімі:
- Қатынас қиын болды. Ауылдан орталық қалаға шығатын жол осы. Тасжол салынғаннан соң қалаға айналма жолсыз тікелей баруға болады.
Осы ауданға қарасты Тобыл кентінің ішкі жолдары да сын садағына жиі ілігетін. Биыл мұнда да оң өзгерістер көп. Бірден 8 көшеге асфальт төселмек.
Александр Жаворонков, Тобыл кентінің тұрғыны:
- Бұрын ауыл ішінде резеңке етікпен жүретінбіз. Әсіресе көлік жолдары езіліп жататын. Осы уақытқа дейін мына көшелерде асфальт болған емес. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.
Айта кетейік, Қостанай облысына биыл жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қазынадан 45 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл былтырғы мөлшерден екі есе көп.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг