ШҚО-дағы су құбырының сапасы сын көтермейді
Мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенге 2017 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасымен 611 млн теңге бөлініп, су құбыры тартыла бастаған.
Алайда мұнда да атқарылған жұмыс сапасыз болып шықты. Аудан әкімдігі мен мердігер мекеме бірнеше жылдан бері соттасып жүр. Осының кесірінен халық ауызсудың азабын тартып отыр.
Көкөзек ауылы халқының аңқасы әсіресе жазда кебеді. Ел 2017 жылы елді мекенге су құбыры тартыла бастағанда қуанған. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Тартылған құбырдың соңы құрдымға кетті.
Құрманхан Садық, Көкөзек ауылының тұрғыны:
- Қыста ат шана, жазда арба не көлік арқылы өзеннен су тасимыз. Екі немесе үш күнде бір рет су тоқтайтыны туралы хабар береді. Өзеннен алып келген су жаз айында ұзаққа жетпей, тез таусылып қалады.
Тоқан Тұрсынбаев, Көкөзек ауылының тұрғыны:
- Қателеспесем, құбыр 645 млн теңгеге салынған. Сапасы сын көтермейді. Құбырдың қалыңдығы 10 мм болу керек, ал олар 5 мм етіп сала салған. Ешқандай құм төселмеген. Оның астында ағаш та, тас та жатыр.
Қысылып, тасқа басылып қалғаны құбырдың сыры су берілгенде белгілі болды. Мердігер мекеме жұмысты бас-аяғы 8 айда аяқтағанмен, соңында бітпеген ісі көп. Сапасыз тартылған құбыр енді күнде тесіледі.
Ахметжан Есебев, Көкөзек ауылының тұрғыны:
- Міне, жер әлі тесіліп жатыр. Былтыр құм төккіздік. Бірақ тағы ойылып түсіп жатыр.
Ойылып түсіп жатқан құбыр үшін Үржар аудандық құрылыс бөлімі мен мердігер мекеме 2018 жылдан бері соттасып келеді.
Самат Маусымбаев, Үржар аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Бүгінгі таңда ауылдағы су құбырының қайта-қайта жарылуына байланысты тапсырыс берушінің, яғни құрылыс бөлімінің атынан сотқа шағым жіберілді. Келісімшарт бойынша 2017 жылдан 2027 жылға дейін 10 жылдық кепілдік бар. Қандай да бір ақаулар болмасын, оны қайта жөндеуге мердігер жауапты.
Әрбір ақаудың жөнделуіне ауыл тұрғындары ерекше мүдделі. Өйткені Көкөзектегі мыңнан аса тұрғын мен мал-жан суға ерекше зәру.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин