Елімізде 2023 жылы қоқыстан баламалы энергия өндіріле бастайды
Қазір елдегі зауыттар қоқысты тек сұрыптап, қайта өңдейді. Енді инвесторлардың көмегімен жаңа зауыттар бой көтереді. Олар өңдеуден қалған қалдықтарды өртеп, одан энергия алады. Мәжіліс депутаты Құралай Қаракеннің айтуынша, өртеуге қайта өңдеуге келмейтін қалдықтардың бір бөлігі жатады. Жыл сайын елімізде шамамен 5 млн тонна қалдық жиналады. Оның тек 15% қайта өңделеді. Құжат қабылданса, 2028 жылға дейін 6 зауыт іске қосылып, қоқыстың 30% кәдеге жарамақ.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында тұрмыстық қатты қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін құқықтар базасы жасалып отыр. Қоқыс жағатын жаңа зауыттар салынады. Осыған байланысты мына жаңа зауыттардың жұмыс істеп тұрған кешендерден түбегейлі айырмашылығы неде болмақ және тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың жалпы жүйесінде қандай орын алады?
Құралай Қаракен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ең басты айырмашылығы мынада: егер бүгін жұмыс істейтін зауыттар қоқысты тек сұрыптайтын және қайта өңдейтін болса, жаңадан іске қосылатын зауыттар өңдеуден қалған қалдықтарды өртейді. Соның арқасында энергия алынатын болады. Мұндай технология Қазақстанда жоқ. Қалдықтарды басқару жүйесінде бұл зауыттар қалдықтарды өңдеуден кейін полигонның алдында орналасады.
Мәжіліс депутаттары жаңа Денсаулық кодексіне сенаторлар енгізген түзетулермен келісіп, құжатты мақұлдады. Осылайша заң жобасы Президенттің қол қоюына жіберіледі. Кодекске Мемлекет басшысы ұсынған дәрігерлердің қателіктері үшін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуге қатысты түзетулер енгізілген болатын. Құқықбұзушылықтардың кейбір түрлері Қылмыстық кодекстен алынып, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне ауыстырылды.