Түркістан облысында карантин талаптары күшейтілді
Парктер мен скверлер жұмысын тоқтатты. Онда мемлекеттік қызметкерлердің 75% қашықтан жұмыс істеу жүйесіне көшті. Сондай-ақ 14-ке толмағандар мен 65 жастан асқан азаматтардың бей-берекет көшеге шығуына тыйым салынды.
«Түркістан облысында талапты күшейтуге өңірдегі эпидемиологиялық жағдай түрткі болды», – дейді облыстың Бас санитар дәрігері. Сол себепті кешеден бастап облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жүру тәртібі өзгерді. Автобустар таңертең-кешке төрт сағаттан ғана жүреді. Ал азық-түлік сататын дүркендер мен базарлар барлық санитарлық талапты сақтай отырып, күндізгі 10:00 мен кешкі 17:00 аралығында жұмыс істейді.
Нұрбек Нышанов, облыстың Бас санитар дәрігері:
- Барлық мекеме мен кәсіпкерлік нысанның басшылары сол жерде санитарлық нормаларды сақтауына міндетті. Мәселен, автобустар әр рейс сайын дезинфекциялаудан өтіп, адамдарды тек орындықтарға ғана отырғызуы керек.
Сондай-ақ саябақтар мен скверлер де жұмысын тоқтатты. Ал мемлекеттік қызметкерлердің 75% қашықтан жұмыс істеу жүйесіне көшті. Бұдан бөлек, 14 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан азаматтардың көшеге жалғыз шығуына шектеу қойылды. Алайда талап қанша күшейгенімен әлі де болса сақтыққа салғырт қарайтындар көп. Оған облыс орталығында жүргізілген кезекті рейд кезінде көз жеткіздік. Мәселен, өңірде маскалық режим сақталып отырғанымен, ол талапты орындап жатқандар аз. Рейд барысында өзі мен жақындарының денсаулығына бейжай қарайтын тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліді.
Гүлнара Әбішова, қалалық ТКҚСҚ Бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір адамдар карантиндік шараларды сақтап жүрген жоқ. Соны айтып түсіндіріп жатырмыз. Негізінде карантин талаптарын бұзған жеке тұлғаларға бес АЕК айыппұл салынады.
Түркістан облысында карантин басталғалы бері талапты ескермеген 500-ден астам азаматқа хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Әкімшілік қамауға алынғандары да бар. Тек соңғы бір аптаның ішінде 24 хаттама толтырылып, сотқа жолданған.
Авторлары: Жандос жұмабек, Ерболат Әбіш