20 маусымнан бастап қазақстандық туристер үшін алты мемлекетке жол ашылады
Әзірге күніне жеті рейс жасалады деп жоспарлануда. Туристік операторлар үшін бұл өз бизнесін жандандыруға оңтайлы мүмкіндік. Ал пандемия жағдайында туристердің демалысы қандай болмақ?
Владимир Гаврюшин жыл сайын Түркияға ұшады екен. Суда жүзуді жаны сүйеді. «Биік толқындар мен алыс қашықтықты бағындырған ұнайды. Жерорта теңізіне әдетте сәуір-мамыр айларында барғанды ұнататын едім. Биыл бұл кезеңді карантинде өткіздік», –дейді ол.
Владимир Гаврюшин, турист:
- Біз алыс қашықтыққа жүземіз. Сондықтан мұндай әуесқой әрекетті жылы суда жасаған өте ыңғайсыз. Сондықтан биылғы маусымды өткізіп алдық. Енді күзде бармасақ, білмеймін.
Туристік нарық саяхатшыларды көбірек тарту үшін түрлі жолды қарастыруда. Карантинде өткен үш ай туристик компанияларға кері әсер еткені анық. Алматыда 1504 туристік компанияның әзірге 5% ғана жұмысқа кірісті. Алда не болары тағы белгісіз. Карантинде табыссыз қалған азаматтар шетелге демалысқа баруы екіталай. Оның үстіне шекара жабылмай тұрып, жолдама алғандардың 10% өз ақшаларын қайтаруды талап етуде.
Максим Банин, туристік компанияның негізін қалаушы:
- Қазір демалыстарын жазғы уақытқа жоспарлаған біздің тұрақты туристеріміз қызығушылық танытып жатыр. Жолдамалар көп сатылуда.
Туристерді қонақүйлерде қалай қабылдайды, ол жағы әзірге белгісіз. Белгілісі – ұшар алдында және ұшып келген соң жолаушылардың дене қызуы тексеріліп, сауалнама толтырылады. Ал Түркияға барып келгендер ПТР тест тапсыруы керек.
Дастан Рыспеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
- Қазақстан Республикасына шетелден тұрақты емес рейстермен келген адамдарға қатысты шектеу шаралары мынадай тәртіппен жүргізіледі. Ол мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде алынған сәттен бастап бес тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР тексерудің теріс нәтижесі туралы анықтама берген адамдарды қоспағанда, барлық адам зертханалық тексеру жүргізу үшін екі тәулік карантиндік стационарда оқшаулауда болады.
Қазір шетелдегі демалыс құны арзандаған. Бұрын Түркияға жолдама алу үшін 100% төлем жасау керек болатын. Ал бүгінде туристік операторлар 30% төлеуге мүмкіндік беріп отыр. Қалған соманы ұшар алдында төлесе болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Эдуард Кон