Ақтөбе тұрғындары дәріхана жағалап жүр
Елдіміздегі эпидемиологиялық ахуалға орай тұрғындар дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алып жатыр. Бұл жағдай Ақтөбені де айналып өтпеді. Өңірде дәрі жеткізушілер де біраз қиындыққа тап болып отыр. Сатушылар дәрінің тапшылығын өткен демалыс күндері қоймалардың жабық болуымен түсіндіріп отыр.
Ақтөбедегі дәріханалардың алдынан кезекте тұрған жандарды көптеп кездестіруге болады. Барлығы да дене қызуы түсіретін және вирусқа қарсы шипа болатын дәрі іздегендер. Алайда ондай препараттарды кез келген сауда орнынан табу бүгінде мұңға айналыпты. Сатушылар дәрінің тапшылығын өткен демалыс күндері қоймалардың жабық болуымен түсіндірді. Көптеген дәріханаға бұл препараттар әлі де болса жеткізілмеген. Мұндай жағдай осыдан екі ай бұрын медициналық бетперденің жоқ болып кеткен кезінде де аңғарылған болатын. Салдарынан сұранысқа ие тауардың құны шарықтап, бір адамға санаулы дәкеден артық сатылмай қойды. Бүгінгі жағдай да осы.
Мансұр Есқожин, тілші:
– Сауда сөрелерінен кездескен препараттарды сауы да, дерттісі де жаппай сатып алуда. Нәтижесінде нағыз мұқтаж жандар қиын жағдайға душар болады. Бұл жайтты ескерген дәріхана өкілдері пандемияның басында қолданған әдіске көшкен. Яғни бір сатып алушыға бес дана препараттан артық сатылмайды.
Фармакология қызметіне жауапты шенеуніктер болса, дәрі-дәрмек тапшылығына тұрғындардың дүрлігуі себеп дейді. Тауар қоры жеткілікті және жақын күндері қоймалардан сауда орындарына жеткізілуі тиіс.
Сәбит Ескендіров, Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:
– Дәрі түгелдей жоқ деп айта алмаймын. Жеткілікті деуге де болмайды. Себебі құрамында парацетамол бар үш дәрінің қазір біреуі жоқ. Қалған екеуін табуға болады. Олардың мөлшері де әртүрлі. Антибиотиктерге де қатысты осындай жағдай қалыптасқан. Біз он антибиотикті бақылап отырмыз. Олардың тек үшеуі таусылып қалған.
Қазір Ақтөбеде вирусты пневмония жұқтырғандардың саны 700-ден асып кеткен. Ай басынан бері 18 адам көз жұмды. Дәрігерлер өткен аптада күніне жүзге жуық жанның көмек сұрап келгендігін хабарлады. Дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмекке сұраныстың артқандығы да сондықтан. Алайда ақ халаттылар тұрғындарға өз бетімен ем-дом жасамауға кеңес береді. Дерттің белгілері пайда болса, мекенжайы бойынша бекітілген емханаға хабарласу қажет.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов