Коронавирус таралуын тоқтату үшін халықтың 70% вакцина салу керек
Қазір Қазақстанда COVID-19-ға қарсы отандық екпе жасаумен екі биотехнологиялық институт айналысып жатыр. Атап өтерлігі, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология орталығы екпеге ерте қол жеткізудің баламалы жолы бар деп отыр. Мамандар: «Ол үшін әлемдік алпауыт компаниялармен кооперацияны күшейту керек», – дейді.
Коронавирус инфекциясы шыққалы дүниежүзінің ірі компаниялары тиімді вакцина іздестіруде. Қазір 100-ден астам кандидат вакцина бар. Оны жасау – ұзақ процесс. 20 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология, Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығы, АҚШ-тың Огайо университеті және Австралияның Vaxine компаниясымен ғылыми ынтымақтастық жөнінде келісімшартты бекітті.
Қайсар Табынов, ҚазҰАУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі:
- Сол компаниялармен бірігіп консорциум құру, одан кейін өзіміздің базамызды пайдалануға беріп, клиникалық зерттеулер жүргізу қолға алынуда. Вакцина ең алдымен приоритетті түрде бізге беріледі. Бастысы бағасы қолжетімді болмақ. Бұл өте тиімді жоба болмақ.
Әлемде коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина осы жылдың соңында дайын болады деген болжам бар. Кейбір компаниялар клиникалық зерттеудің үшінші кезеңіне жетті. Қазір М.Айқымбаев атындағы және Халықаралық вакцинология орталығы шетелдік әріптестерімен бірлесіп нановакцинаны дайындап жатыр.
Қайсар Табынов, ҚазҰАУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі:
- Негізгі ерекшелігі: бұл вакцина мұрынға тамызу арқылы беріледі. Вакцинаны мұрынға тамызу екпе әдісіне қарағанда әлдеқайда қауіпсіз болады. Бұл – бірінші ерекшелігі. Екіншіден, біздің вакцинамыз вирустың әртүрлі мутацияларына төтеп беруге мүмкіншілігі бар.
Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығының вивариында жануардың бірнеше түрі бар. Олар инфекция атаулыдан құлан-таза. Мұндай жануарларға жасалған зерттеулердің нәтижесі жоғары болады. Қажет болған жағдайда орталық клиникаға дейінгі зерттеулерге атсалысуға дайын.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- Мына тышқандар ICR линиясына жатады. Бұл – орталықтағы ең таза тышқандар тобы. Өздері кішкентай болғанымен, адамзат үшін маңызы өте жоғары. Өйткені клиникалық сынақтарға дейінгі барлық зерттеу осы тышқандарға жасалады.
Ғалымдардың пікірінше, тұрғындардың барлығына 100% вакцина салудың қажеті жоқ. Екпе бірінші кезекте дәрігерлерге, созылмалы ауруы бар науқастарға және қарт адамдарға жасалуы тиіс.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев