Есілдің жағасындағы еңселі елорда
Олардың дені ерекше құрылысымен, өзгеше сән-салтанатымен көзге түседі. «Бәйтерек», «Ханшатыр», «Қазақ елі» монументі, «Астана Опера, «Әзірет Сұлтан» мешіті. Тізімді жалғастыра беруге болады. Бұлар жайлы осыған дейін сан мәрте жазылды, жазыла береді де. Ал бүгін астаналықтардың тағы бір сүйікті демалыс орны – Есіл өзенінің жағалауы жайында айтамыз.
Серік Рүстембеков, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі:
– Сол жылдары астанада көрсететін де ештеңе болған жоқ. Теледидардан көрсетілетін көрініске біздің мына ротондамыз кіретін. Ол кезде «Бәйтерек» жоқ, астананың бірінші белгісі осы түрлі ротонда болды. Қай жерде болса да, шақыру билетінде де, кітаптың, газет-журналдың сыртына, шынын айтқанда түсіретін басқа ештеңе жоқ еді. Барлығы осы жерден басталды.
Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, бас шаһардың бас жоспарын алғаш болып әзірлеген азаматтардың бірі – Серік Рүстембеков. Оның айтуынша, бүгінде игілігін ел көріп жүрген өзеннің жағалауы сонау 1997 жылы жоспарланған. Яғни елордада зәулім ғимараттар мен стратегиялық нысандар бой көтермес бұрын Есілдің арнасын кеңейтіп, көркейту жұмыстары қолға алынды.
Серік Рүстембеков, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі:
- Бұрын шағын ғана асфальттанған 3 метр жол болатын. Ал өзеннің жағалауы үшкір таспен қалай болса солай қаланып қалған. Қаланың бірінші туған күнін, тұсаукесерін қайда өткіземіз? Сонда біз өзеннің жағалауында болсын деп айттық. Рамстор мен саябаққа апаратын көпірдің арасын жөндейміз, мұны орталық алаңмен қосамыз, онда ағаш отырғызамыз, өзенмен байланыстырамыз деп баяндадық, содан соң мақұлданды.
Ол кезде Серік Рүстембеков Үкіметтің қаулысымен құрылған Қазақстанның жаңа астанасының Бас жоспарын дайындайтын шығармашылық топтың құрамында болды. Сондықтан қазіргі жағалаудың авторларының бірі ретінде есімі тарихта қалады.
Серік Рүстембеков, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі:
– Қандай бас жоба болса да, қаланың құрылысына, дамуына үлкен әскер етеді. Өйткені барлық көшелер өзенге ашылуы керек. Өзеннен жақсы көріністер ашылу керек. Ол бір мәселе. Ал екінші үлкен мәселе – инженерлік мәселе. Өйткені Есілдің тасқын суының көлемі сондай, сол жағалаудағы құрылысты шайып кете алады.
Тасқын судың ағысын реттеу үшін әуежай маңында су қоймасы салынды. Ұзындығы – 32 шақырым, биіктігі – 9 метр. Сыйымдылығы – 450 текше метр. Бұдан бөлек, өзеннің арнасы кеңейтілді. Нәтижесінде Есіл жағалауы қаланы қақ бөліп, бірнеше саябақ пен нысанды біріктірген демалыс аймағына айналды.
Серік Рүстембеков, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі:
– 2005 жылы Елбасының алдында қаланың ішінде өзенге кеме жүргізу бағдарламасын, концепциясын ұсынып, ол қабылданды. Одан 2-3 жылдан кейін кемелер пайда болды. Қазір қаланың тұрғындары онда серуендеп жүр.
2017 жылы Есілдің бойында алаң ашылды. Қазір онда демалыс күндері адам аяғы үзілмейді. Ал қазір өзенде тағы бір бөгеттің құрылысы жүріп жатыр. «4 метр биіктіктен құлай аққан су мен көпірі бар арал астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс», – дейді жоба авторлары. Нысан алдағы 2 жыл ішінде пайдалануға беріледі.