Қазақстанда тауарлар мен қызмет бағасы жылдам өсіп жатыр
Мұндай өсім 2011 жылдан бері алғаш рет тіркелді. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда маусымда инфляция деңгейі 0,4% болды. Яғни елде тауар мен қызмет ақысы жылдам өсіп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері азық-түлік 7,3% қымбаттады. Оның ішінде еттің құны 6,5% өскен. Салыстырмалы түрде қарасақ, соңғы төрт айдан бері қой еті айына 2% қымбаттап келеді. Ал жылқы еті наурыз бен шілде арасында 6,3% өскен. Мұндай өсім соңғы сегіз жылдан бері алғаш рет тіркелді. Сондай-ақ жаздың алғашқы айында жарма 3,5% қымбаттады. Көкөніс 2,4% өсті.
Жыл басынан бері азық-түлікпен қатар қызмет көрсету және өзге де тауарлардың құны 2,5% өсті. Оның ішінде медицина саласының қызмет ақысы 2,6% қымбаттаған. Ал дәрі-дәрмектің құны 0,8% көтерілді. Мамырда карантин талаптары жеңілдеп, қоғамдық тамақтану орындары ашылғанын білесіздер. Үш айдай табыссыз отырған саланың да қызмет ақысы 1,2% өсіммен басталды. Десе де, жыл басынан бері елде жанар-жағармай арзандады. Сәйкесінше тасымал ақысы да төмендеген. Мәселен, биылғы төрт айда теміржол билеттері 1,4%, ал ұшақ билеті 2,5% арзандаған.
Қазақстандықтар қолма-қол ақшадан төлем карталарына бет бұра бастады. Маусымдағы мәлімет бойынша елімізде 38 млн дана банк картасы қолданыста жүр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,7% көп. Төлем картасын еліміздегі 22 банк пен «Қазпочта» АҚ өз клиенттеріне ұсынады. Биыл бес айда осы карталардың көмегімен 16 трлн теңге транзакцияланды. Сондай-ақ қазір қашықтан қызмет көрсете алатын ПОС терминалды қолданушылар көбейіп келеді. Сәйкесінше елде терминалдардың саны 15,5% өсті.
Енді валюта бағамына тоқталсақ, Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 405 теңге 69 тиынға тең. Ал еуро 455 теңге 51 тиын. Ресей рублі 5 теңге 72 тиын деп белгіленген.