Алматы дәріханаларында дәрі тапшылығы жоқ
Алайда соңғы уақытта кезек сейілген. Келушілер арасында қажет дәрісін тауып, кезексіз алып кетіп жатқандар көп.
Ірі дәріханаларда кезек қатаң қадағаланады. Кезек болдырмау үшін қосымша кассалық терминал да орнатылған. Қажетті дәрілердің дер кезінде келуіне арнайы маман жауапты.
Айнұр Алмахамбетова, дәріханалар желісінің өкілі:
- Кейбір дәрілерге сұраныс артқанын білесіздер. Біз медициналық препараттарды күн сайын алып отырамыз. Қазіргі уақытта антибактериалды, қабынуға қарсы және ауруды басатын дәрілер арасында дефицит жоқ. Алматы әкімшілігіне ризашылығымызды білдіреміз.
Қаладағы екі ірі әлеуметтік дәріханаға 45 мың түрлі дәрі-дәрмек жеткізілген. Олардың басым бөлігі вирустық ауруларды емдеуге арналған.
Заңғар Сәлімбаев, Алматы қалалық әкімдігі, дәрі-дәрмекпен қамту бойынша үйлестірушісі:
- Қазіргі таңда ірі компаниялардың қоймаларында 550 мыңнан астам дәрілер бар. Олар әлеуметтік маңызы бар дәрілерге жатады. Жақын арада қосымша 3,5 млн-нан астам дәрі-дәрмек алынады. Күні кеше 45 мыңнан астам дәрі-дәрмек жеткізілген болатын.
Кеше түнде қалаға Ресей мен Үндістаннан ұшақ арқылы ірі көлемде дәрі-дәрмек жеткізілді. Енді шілденің соңына қарай қажет дәрілердің 1,5 млн қорабы жеткізіледі. Бұл сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, дәрілердің артығымен қорда болуын қамтамасыз етеді.
Авторы: Гүлжан Көленқызы