ІІМ басшысы Президентке дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактілері туралы баяндады
Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес мәселелері жөнінде өткен селекторлық кеңесте құқық қорғау, денсаулық сақтау және жергілікті атқарушы органдар дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтарды сату бойынша құқықбұзушылықтарды анықтауда және оның жолын кесуде тұрақты түрде ведомствоаралық жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтты.
Кеңесте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев есеп беріп, ІІМ денсаулық сақтау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 18 мыңнан астам рейд жүргізгені туралы баяндады.
Көрсетілген кезеңде барлығы 4000-нан астам карантин бұзушы анықталып, шара қолданылды. Атап айтқанда, мұндай жағдай Алматы қаласында, Ақмола, Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында көп тіркелді. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сатудың жолын кесу бойынша (5 шілдеден бастап) ішкі істер органдары заңсыз айналымнан 65 мыңнан аcтам қорап дәрілік препараттарды, жарты млн медициналық маска мен 36 мың медициналық бұйымды тәркілеген. Олар қымбат бағада сатылған.
Сондай-ақ ішкі істер органдары дәрілік заттарды заңсыз сатудың 348 фактісінің жолын кесті. Полицияға 284 адам жеткізілді, оның 138-і – медицина саласының қызметкерлері. Дәрі-дәрмектің көп көлемі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Атырау қалаларында алынды. Алынған медициналық препараттар аумақтық денсаулық сақтау органдарына беріледі.
Сонымен қатар Е.Тұрғымбаев ішкі істер органдары жүргізіп жатқан қоғамдық тәртіпті сақтау және қолданыстағы шектеу шараларын қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады. Бұл міндеттерді орындау үшін 13 000 полицей, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және 1000 ерікті күнделікті жұмыс істеуде. 4 облыста 2 санитариялық және 9 блок-бекет қойылды. 241 жұқтыру ошағы мен 366 карантиндік нысан қоршауға алынды.
Кеңес қорытындысы бойынша Президент ішкі істер органдары бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратынын, ал кінәлілер заңнамаға сәйкес жазаланатынын атап өтті. Бұл тапсырманың іске асырылуын бақылау ҚР Президенті Әкімшілігінің үйлестірумен Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына жүктелді.