Алматыда ашық аспан астындағы автокинотеатр ашылды
«Тикетон» компаниясы тұрғындарға арнап ашық аспан астындағы автокинотеатр жобасын ұсынып отыр. Қазір бұл – бос уақытты қауіпсіз өткізудің ең тиімді жолы.
Жұлдыз Әлімғазина, «Тикетон» компаниясы эпидемиологиялық қауіпсіздікті қадағалау менеджері:
– Бастапқыда қазақстандық киноларға бағыт бұрып отырмыз. Болашақта ресейлік және голливудтық киноларды көрсетеміз деген үміттеміз. Күніне екі сеанс. Сағат 9-да және 11-де.
Автокинотеатр көрермендер үшін өте ыңғайлы. Ең бастысы ешкіммен бетпе-бет кездеспейсің. Билеттер онлайн түрде ticketon.kz сайтында сатылады. Кіреберісте QR-код арқылы тексеріледі. Содан соң машинаңызды ұнаған орынға қойып, радиоқабылдағыштағы FM толқынына қосыласыз. Автотұрақтағы бір орынның құны бес мың теңге. Бір көлікке төрт адам отырып, тамашалай алады.
Ерлан Қошқарбаев, көрермен:
- Осындай жақсы болады деп ойламаппын. Сол үшін өзім жалғыз келдім. Жай бірінші рет көріп кету үшін. Енді келесіде жанұяммен бірге келемін. Бәрі тамаша.
Данель Ақанова, көрермен:
- Бұрын кинодан көргенде қатты қызығушы едім. Енді отбасыммен келіп, қуанып отырмыз.
Бұл жерде көліктен түспей-ақ попкорн, сусын, шоколадқа тапсырыс беруге болады. Даяшы бес минутта-ақ жеткізіп береді. Автокинотеатр «Атакент» көрме орталығының автотұрағында жұмыс істейді. Әзірге сеанстар бейсенбі мен жексенбі аралығында. Болашақта күнде кино көрсетіп, басқа қалаларда да автокинотеатр ашу жоспарлануда.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев