Ақтөбеде жаңа оқу жылына дайындық пысықталды
Электрондық құрылғылар әлеуметтік осал отбасы балаларына үлестіріледі. Жергілікті билік: «Білім ордаларын биыл оқулықтармен 100% қамтамасыз етеміз», – деп отыр. Бұл туралы бүгін өткен брифингте облыс басшысы Оңдасын Оразалин мәлімдеді.
Әлемді әлекке салған пандемияның салдарынан биылғы оқу жылы елімізде онлайн режимде бастайтын болады. Сондықтан қазір өңірлердегі білім саласына жауапты мамандар әлеуметтік әлсіз топ балаларын қажетті компьютерлермен қамтамасыз етуді қолға алған. Ақтөбе облысы мектептерінде қазір 12,5 мыңнан астам электрондық құрылғы ғана бар. Сондықтан қосымша компьютер алуға жергілікті және республикалық бюджеттен қаржы бөлінетін болды.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Аз қамтылған отбасылардағы балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен білім алуға ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 20 мыңға жуық компьютерді алуға республикалық бюджеттен 3 млрд-қа жуық қаржы қарастырылып отыр. Сонымен қатар 10 мыңға жуық компьютер облыстық бюджеттің есебінен алынатын болады.
Жаңа оқу жылында 143 мың ақтөбелік бүлдіршін онлайн білім алуды бастайды. Тек 15 мыңы ғана дәстүрлі жолмен оқытылады. Олардың барлығы шалғайдағы шағын жинақталған білім ордаларының өрендері. Бұдан бөлек 1793 кезекші сынып ұйымдастырылады. Онда да әрбірінде 15 бүлдіршінен аспауы тиіс. Бастысы елді-мекендегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты болуы тиіс.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Сапалы білім берумен қатар балалар мен мұғалімдеріміздің денсаулығын да ойлауымыз қажет. Кезекші сыныптарда білім алатын балалардың қызуы тұрақты өлшенуі керек. Осыған тиісті біз тапсырмалар беріп отырмыз. Сыныптардың ауасын тазарту, кварцтау және ылғалды тазалау режимін күшейтуіміз керек.
Жаңа мектеп ғимараттарының құрылысы да облыс басшылығының назарында. Өңірде апатты және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында жаңадан 20 білім ошағы салынуда. Жылдың соңына дейін олардың 9-ы толықтай қолданысқа берілуі тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов