Маңғыстау облысы маңындағы ауыл халқы интернетке қосылды
Төлеп және Тұрыш ауылының тұрғындарына Beeline жетекші ұялы байланыс операторы қызмет көрсетеді. Жалпы бұл компания саны 250-ден көп адам тұратын елді мекендерді ұтқыр желіге қосу үшін кешенді жұмыстарды қолға алған.
Тұрыш Бейнеуден 80 шақырым қашықта тұр. 116 оқушыға арналған мектебі және 50 орындық бөбекжайы бар. 700-дей адам тұратын елді мекенде Beeline ұялы байланысы жеткеніне біраз уақыт болды. Тамызда теміржол вокзалы жанынан қосымша станция қойылып, сигнал күшейді. Қазір ауыл халқы жылдамдығы жоғары ғаламтор желісін үзіліссіз қолданып отыр.
Шаңытбай Теңізов, Тұрыш ауылының тұрғыны:
- Бұл ауылға газ да, тоқ та, енді мына Beeline байланысы да келді. Бәрі бар. Интернеттің жылдамдығына өте зәруміз. Карантинге байланысты оқу, басқа да жұмыстар осы интернет жүйесіне байланысты. Тезірек келсе екен, қазір халыққа ауадай қажеттісі сол. Сонда өте жақсы болар еді.
Биылғы жылдың жаз мезгілінде «Beeline Қазақстан» компаниясы еліміздің 40 елді мекенінде ғаламтор жүйесін жетілдірді. Нәтижесінде өткен үш айда 42 мыңнан астам ауыл тұрғыны жаһандық байланыс желісіне қосылды.
Олег Снимщиков, «Beeline Қазақстан» компаниясының техникалық директоры:
- Компания аталған бағдарламаны салалық министрлікпен және нарықтағы әріптестерімізбен бірлесе жүзеге асыруды қолға алды. Бір мыңнан астам ауылдық елді мекенді мобилді кең жолақты ғаламтор желісіне қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін аяқталады.
Адам саны 250-ден асатын ауылдарды ұтқыр ғаламтор желісімен қамтамасыз ету жұмыстары әлеуметтік жоба аясында атқарылып жатыр. Ұялы байланыс желісін кешенді жетілдіру, ауылдарды кең жолақты желіге қосу арқылы мобильді оператор Қазақстанды цифрландыруға өз үлесін қосып келеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев