Алматы мектептерінде санитарлық талап қатаң сақталады
Бұған бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Сондай-ақ биыл 2 жаңа білім ошағы мен бірнеше мектепке жапсарлас салынған ғимарат пайдалануға берілді. Бұл туралы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты.
Мектептердегі орын тапшылығын азайту мақсатында бой көтерген жаңа білім ошақтары қосымша 4 мың оқушыны қабылдауға мүмкіндік береді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа ғимараттарды аралап, санитарлық талаптарды тексерді. Биыл 1-інші және 2-інші сынып оқушылары үшін қалада 193 кезекші сынып ашылады.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Әр мектепте санитарлық қауіпсіздік талаптары жоғары деңгейде сақталады. Балалар тек бір кабинетте отырып оқиды. Үзіліс әр сыныпқа әртүрлі уақытта беріледі. Мектепке кірерде дене қызуы өлшеніп, сыныптар жиі желдетіледі.
Қала әкімі ұстаздардың қатысумен өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде онлайн білім беру мәселесін талқылады. Бүгінде телеарналарда көрсетілетін 435 онлайн сабақ түсіріліп, дайын тұр. 15 мыңнан астам мұғалім цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы онлайн курстардан өтті.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Білім мәселесі, денсаулық сияқты салалар бірінші орында тұруы тиіс. Білім сапасын арттыру – басым бағыттардың бірі. Сондықтан биыл мемлекет пен жеке меншік әріптестігі аясында 5700 орынға арналған 5 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 2240 орынға арналған 4 жеке мектепті ашу жоспарда бар.
Тамыз кеңесі барысында мектепке дейінгі мекемелер жайы да сөз болды. Келесі жылы Алматыда 13 жаңа балабақша іске қосылып, бірнеше ескі ғимарат жаңғыртылады деп жоспарлануда.
Авторы: Гүлжан Көленқызы