Жамбылдық волонтерлер 21 жобаны жүзеге асырады
Жолдауда айтылған тапсырмаға сәйкес биыл жамбылдық еріктілер 9 бөлімнен тұратын 21 жобаны бастап, жүзеге асырып жатыр.
Волонтерлердің әсіресе пандемия кезіндегі еңбегі ерен. Жастар енді тың әлеуметтік жобаны қолға алды. Олар Қордай ауданындағы үш ауылдың тұрғындарына мемлекеттік тілді үйретіп, дәріс беріп жатыр.
Жыл басынан бері әулиеаталық волонтерлер 700-ге тарта іс-шара ұйымдастырды. Оған 6 мыңға тарта ерікті жұмылды. Қазір жастар «Тілдер саябағы» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып жатыр. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлермен бірігіп, мемлекеттік тілді тегін үйретеді. Студент жастар жергілікті 6 және 65 жас аралығындағы тұрғындарды жинап, ағылшын, француз сияқты шетел тілдерін үйретіп дәріс береді. Әсіресе мемлекеттік тілге басымдық беріліп отыр. Ұйымдастырушылар жазғы маусымда мыңға тарта адамды қамтыған. Жалпы 150 адамнан құралған еріктілер тобы Қазақстан бойынша 30 ауылда қолдау тауып, жүзеге асты.
Бақнұр Зиябеков, «Тілдер саябағы» әлеуметтік жобасының жетекшісі:
- Ешқандай тапсырмасыз, тек ойын түрлері арқылы үйретеміз. Өзіміздің әдістемеміз бар. Сол арқылы оқытатын боламыз. Негізгі мақсат – мемлекеттік тілді дәріптеу. Өйткені жергілікті дүңген халқына қазақ тілі өте қажет. Біздің әдістеменің ерекшелігі: жекелей қызықтыру арқылы баланы және топты бір үлкен бағытқа сілтеуге болады. Сол бағыттау арқылы сол баланың мотивациясын ашамыз.
Аймақта сондай-ақ Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына ерекше басымдық берілген. Өңірде мемлекеттік мекемелер қызмет көрсетудің сервистік форматына көшіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Тараз қаласында екі және алты ауданда сервистік әкімдік жұмысын бастады. Солардың бірі Байзақ ауданында ашылды.
Алмагүл Өтетілеуова, Байзақ ауданының тұрғыны:
- Туу туралы куәлікті енді ғана алып, балаларымды ауруханаға тіркеп жатырмын.
Бұдан былай шалғай ауылдың тұрғындары аудан орталығына келгенде әр жерде орналасқан бөлімдерді іздеп, сабылмайды. Барлық жұмысты бір ғимараттан бітіріп шығады. Келушілер жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелер бойынша қызмет ала алады. Сондай-ақ күту залы, тегін wi-fi мен арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар. Бұл мемлекеттік қызметтің сапасын көтеріп, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. «Ең бастысы сервистік әкімдікте мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде жемқорлық әрекеттеріне жол берілмейді», – дейді мамандар.
Равиль Төлебаев, ҚР СЖҚҚА ЖОБ Департамент басшысының бірінші орынбасары:
- Мемлекет басшысының халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру концепциясының аясында барлық мемлекеттік мекемеге жұмыс формасын сервистік форматқа көшіру тапсырмасы берілген болатын. Міне, осының айқын көрінісін бүгін көріп отырсыздар. Халықпен тығыз байланыста болатын бөлімдер өзінің қызмет көрсетулерін бір жерде кешенді түрде көрсетеді. Яғни осы сервистік әкімдікке келген тұрғындар бір мәселесімен келіп, бірнеше мәселесін шешіп қайтатындай барлық мүмкіндік жасалған.
Қазір облыстағы 10 ауданның алтауындағы мемлекеттік мекемелер сервистік қызмет форматына көшті. Қалған Жамбыл, Жуалы, Тұрар Рысқұлов және Шу аудандарын қазан айына дейін қамту жоспарда.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев