Қызылорда облысында коронавирустың екінші толқынына дайындық жүріп жатыр
Сондықтан өңірде арнайы бақылау тобы құрылып, дәріханалар мен медициналық мекемелердің жұмысын қадағалаған болатын. Рейд шараларының нәтижесі мен коронавирустың келесі толқынына дайындық барысы антикор орталығында өткен брифинг барасында сөз болды.
Індет өршіген кезде дәрі дәрмек пен медициналық құрал жабдықтар жетіспей, олардың бағасы негізсіз қымбаттап, түрлі заңсыздық орын алғаны белгілі. Алдағы уақытта бұл кемшіліктер сабақ болуы тиіс. «Ал заң бұзғандар жазасыз қалмайды», – дейді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.
Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары:
- Өңірде 57 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сегізі сотқа берілді. 5 млн 200 мыңдай айыппұл салынды. Дәрінің бағасын көбейткен 17 факт тіркелді. Фармацевтикалық қызметке рұқсат ету құжатынсыз дәрі өткізу мәселесі де кездесті.
Арнайы мониторингтік топ 120 дәріхана мен 12 медициналық мекемені тексерген. Олар бірінші кезекте гуманитарлық көмекпен келген құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектің дұрыс пайдаланылуын қадағалады.
Бақытжан Ниязов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:
- Оған қоғам белсенділері қатысты, «Ақмешіт» адалдық алаңы жобалық кеңсесі, сонымен бірге әкімдіктердің, дәрігерлердің құрған мониторингтік және т.б. топтармен ынтымақтаса жұмыс істелді.
Карантин шараларының жеңілдегеніне қарамастан дәрі-дәрмек бағасын қадағалау жұмыстары жалғаса бермек.
Авторлары: Алибек Байшуленов, Альхайдар Турлыханов