Қарағандыда 448 адам мерекелік медальмен марапатталды
Ата Заңымыздың және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын онлайн форматта өтті. Кеншілер өңірінде бүгінде 75 этномәдени бірлестік бар.
Осыдан тура 25 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақ елінің төл Конституциясы қабылданып, Ата Заңымыз Қазақстан азаматтарының барлығына бірдей тең құқық берді. Қоғамдық татулық пен этносаралық келісімнің негізгі қағидалары бекіді. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқындалып, ширек ғасырда түрлі реформалар, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Қазақ жерінде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдерінің этностық, діни және өзге де сипатына, әлеуметтік тегіне қарамастан, барлығының тең жағдайда өмір сүруі туралы ереже біздің Конституциямыздың, Конституциялық қағидатымыздың басты өзегі болып табылады.
«Бүгінгі жетістігіміз бейбіт күннің жемісі», – дейді салтанатты шараға қатысқан түрлі сала өкілдері. Оның басында Қазақстан халқы Ассамблеясы тұр. Осыдан 25 жыл бұрын құрылған қоғамдық институт өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді, бүгінде оның жұмысы барша әлемге үлгі.
Вильен Молотов-Лучанский, Еврей ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:
- Қазақстан Халқы Ассамблеясы қаншама ұлтты бір шаңырақ астына ұйыстырып отыр. Бір ғана Қарағанды өңірінде қазір 75 этномәдени бірлестік бар. Олардың әрқайсысын ұлтаралық татулықтың ұстаханасы деуге болады. Отанға деген сүйіспеншілік тілі мен ділі, салт-дәстүрі бөлек сан мыңдаған халықты ортақ мақсаттарға жұмылдырды.
Онлайн форматта өткен салтанатты шарада облыстың әр түкпірінен түрлі сала өкілдері байланысқа шығып, ниет-тілектерін жеткізді. Бұл күні сондай-ақ ел ырысын еселеп, ынтымағын нығайту жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан 448 адам мерекелік медальмен марапатталды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев