Атырау облысында бір жылда 42 400 гектар жер кері қайтарылды
«Бір кездері мемлекеттен тегін жер алған тұлғалар, оны ұқсата алмай отыр. Енді сол бос жатқан жерлерді қайтарып алу керек. Жер – баршаға ортақ байлық. Бірақ ол тек жұмыс істейтіндерге ғана тиесілі болуы керек» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында. Қазір осы түйінді мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Атырау облысында пәрменді іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. Өткен бір жылда, кәдеге аспай бос жатқан 42 400 гектар жер телімі мемлекет меншігіне өтті.
«Құрман» шаруашылығы өз өнімдерімен облысқа кеңінен танымал. Мұнда қазір 600-ден астам мүйізді ірі қара мен екі мыңдай қой бағылуда. Шаруашылық тауарлы сүт фермасына негізделген. «Қазір мұнда 200 бас сиыр сауылса, келешекте өндірісті ұлғайту ойда бар. Тек өріс тарлық етіп тұр», – дейді шаруалар.
Құрманбек Жаңабаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Мал басын мыңға да жеткізуге болады. Тек бізде жер мәселесі жетіспей тұр. Айналдырған 3,5 мың гектар жер бар. Жылқы, түйе, қойымыз бар. Қазір қай шаруашалыққа барсаңыз да осы бір мәселе.
Атырау облысында ауыл шаруашылығына тиесілі 10 млн гектарға тарта жер бар. Кезіндегі кеңшарлар ізінде құрылған шаруашылықтар бұрынғы қыстақтары мен жайлауларын сақтап қалды. Ал кейін кәсіп бастағандар жерден таршылық көріп келеді. Себебі бос жер телімі жоқ. Барлығы бір кездегі жекешелендірудің желеуімен өзгенің қолына өтіп кеткен. Өкініштісі сол, қараусыз қалған жер телімдері бос жатыр.
Әлібек Ермекқали, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Жалпы екі жылдың ішінде 65 мың гектар анықталып, оның ішінде 51 мың гектары мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Кодекс талабына сәйкес міндетті түрде нұсқама беріледі. Бір жылдың ішінде ол нұсқама орындалмаса, әрі қарай сотқа жүгінеміз.
Қайтарылған жерлер біртіндеп иесін таба бастаған. Былтыр 420 шаруашылыққа 3 мың гектар жер берілді. Биыл тағы 72 шаруашылықтың ұсынысы қанағаттандырылатын болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев