Атыраудағы мұнай саласының ірі компаниялары «Тазалық» жобасын қолға алды
Өңірдің эколог мамандары мен қоғамдық ұйым өкілдері өндіріс орнына арнайы барып, тазарту қондырғыларының құрылысымен танысты. Биологиялық тазарту құрылысын қайта құрғанда зауыттың булану алаңдарындағы төгінділер мен Жайық өзенінен алынатын су мөлшері 50% азаймақ.
Атырау мұнай өңдеу зауытында өткен келелі кездесуде тұрғындарды алаңдатып отырған экология мәселесі кеңінен талқыланды. Жағымсыз иіс пен өндірістің экологияға кері әсерін азайту мақсатында қолға алынған «Тазалық» жобасының нәтижесінде алдағы төрт жылда қордаланған мәселелер өз шешімін таппақ.
Әлібек Бекмұхаметов, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Ауаның ластануы – Атырау өңірі үшін өзекті мәселенің бірі. Кездесу барысында «Тазалық» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстық. Тазарту құрылғыларының құрылысы жөнінде де жиында айтылды. Егер жоба жүзеге асса, экологиялық ахуал жақсарады деп ойлаймыз.
Механикалық тазарту құрылысы 2022 жылы, биологиялық тазарту құрылысы 2023 жылы жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Ал булану алқаптарын рекультивациялау жобасы 2023 жылы аяқталмақ. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
Қанат Сағызбаев, АМӨЗ Өндірістік активтерді қайта құру департаменті басшысының орынбасары:
- Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «ҚазМұнайГаз» АҚ бірлесе отырып, «Тазалық» жобасын бастады. Біз жыл соңына дейін жобалау жұмыстарын аяқтап, мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Сараптама қорытындысы белгілі болғаннан кейін жобаны жүзеге асыруға кіріспекпіз. Қазірдің өзінде тазарту қондырғыларының әсерін азайтуға байланысты жұмыстар басталды. Ауаның ластанбауы үшін ашық контейнерлерді металл жабындылармен жауып тастадық.
«Тазалық» жобасы негізінде АМӨЗ сарқынды сулары тазартылғаннан кейін нормативтік көрсеткіштерге ие болады. Сондай-ақ тазартылған судың 70% өндірісте қайта пайдаланылады деп жоспарланған.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев