Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауында еліміздің намысын кім қорғайды?
700-ден астам қатысушыдан 12 бала финалға өтті. Осы 12 орындаушының тек үздігі ғана Польшада өтетін халықаралық байқауда өнер көрсетуге жолдама алады. Орындаушылардың дайындығы қалай және олар гала-концертте қандай ән шырқайды?
Айдана Жұмажан – Ұлттық іріктеудің 3-кезеңіне өткен жас өреннің бірі. Ол әлеуметтік желіден Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауына Ұлттық іріктеу жүріп жатқанын біліп, өз бейнежазбасын жібереді. Сөйтіп, еліміз бойынша 9 бен 14 жас аралығындағы 700-ге жуық қатысушының арасынан іріктеліп алынған 30 баланың қатарына кіреді. Байқаудың 2-кезеңі де Айдана үшін сәтті аяқталды.
Айдана Жұмажан, Junior Eurovision 2020 Ұлттық іріктеудің финалисі:
- «Хабар» арнасынан тікелей эфирде онлайн дауыс беру болды. 1-кезеңнен іріктеліп алынған балалардан финалға тек 12 қатысушы өтеді деді. Мен 33 мың дауыс жинап, финалға өткенімді естігенде қатты қуандым. Әсіресе отбасым қуанды. Бұл түнгі 00:00-де болды. Сол түні ұйықтамадым, себебі ол үлкен жауапкершілік.
Міне, сондықтан Айдана қазір вокал бойынша маманнан сабақ алып жүр. «Ол Ұлттық финалда орындайтын әнін нақышына келтіріп шырқау үшін көп дайындық керек», – дейді.
Айтпақшы, биылғы Ұлттық байқау қатысушыларына отандық композиторлардың өздері ән жазуда.
Асан Әбілмажинов, вокал жаттықтырушысы:
- Айдана – өте талантты қыз. Ол әнді жүрекпен айтады. Бізге финалда орындалатын ән берілді. Бірақ мәтіні әлі жазылмаған. Байқау шарттарына сәйкес ән қазақ немесе ағылшын тілінде болуы керек. Менің шәкіртім бұл тапсырманы да сәтті алып шығады деп сенемін.
Қарақат Башанова да Ұлттық іріктеудің үшінші кезеңіне өтті. Ол Алматы облысында тұрады. Бірақ бала күннен ән айтқанды ұнататын Қарақат кәсіби білім алу үшін аптасына екі рет Алматыға келіп, вокалдан сабақ алады.
Қарақат Башанова, Junior Eurovision 2020 Ұлттық іріктеудің финалисі:
- Мен вокалға Талғардан келемін. Вокалдан кейін онлайн сабақ болады. Кішкене қиындау, бірақ дайындығым өте керемет өтіп жатыр. Финалға өткеннен бастап, дайындалып жатырмын.
Ұлттық іріктеудің гала-концерті 26 қыркүйек күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде өтеді. Үздік орындаушыны қазылар алқасымен бірге көрермендер де анықтайды. Жүзден жүйрік шыққан қатысушы қараша айының соңында Варшавада өтетін халықаралық ән байқауында еліміздің намысын қорғайды.
Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай