Шымкентте дамыған инфрақұрылым қалыптастыруға 133 млрд теңге инвестиция тартылды
Сол арқылы бұрынғы ипподром аумағы көркейеді. Бизнес орталық, мектеп, емхана, оңалту мекемесі мен тұрғын үй кешендері бой көтереді. Алайда көпшілік арасында бұл іспен келіспейтіндер де бар.
Бұл – қаладағы көптен бері қаңырап, бос тұрған ипподром аумағы. Мегаполистің жасыл аймағына кіреді. Әкімдік инвестордың ұсынысымен осы жердің инфрақұрылымын дамытуды қолға алды. Тұлпар өзенінің маңын абаттандырып, саябақ, жүгіру жолақтары және ақылды технология негізінде зәулім үйлер салады. Инвестор жобаға 133 млрд теңге жұмсамақ.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Қазіргі кезде заң талабымен жұмысты бастап кеттік. Біз мегаполис болғандықтан, басқа бағыттарда да жұмыс істеуіміз керек. Қалаға қызығатындай заманауи үйлер қажет. Демалыс орындарын басқа жерге істеуге болады. Инвесторлар үй салуды бастағаннан кейін, саябаққа да қаражат қарастыратын боламыз.
Дегенмен Шымкент тұрғындарының кейбірі бұл жобаға бірауыздан қолдау білдірген жоқ. Ипподром орнына тұрғын үй кешенін салу дұрыс шешім болмайды. Осылай деген белсенділер атшабар аумағын жекеменшікке беруге қарсы екенін жеткізді.
Рахманали Оразбаев, ҚР Құрылысшылар одағының вице-президенті:
- Қаланың басқа жағында мұндай жер телімі жоқ. Осы демалыс аймағын одан әрі дамыту керек. Элитикалық үйлер жайында айтар болсақ, бас жоспарға сәйкес басқа да орындар жеткілікті. Бұл жерді тиіспеу керек.
Нұрлан Архабаев, ҚСҚҚЖҚ басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір келісім жүріп жатыр. Оның есебі шығарылады. Егжей-тегжейлі жоба жоспарлағаннан кейін, халықтың алдына шығарамыз. Ескертулер, ұсыныстар айтылады.
Қалалық әкімдіктің мәлімдеуінше, жоба қолдау тапса, 2021 жылдың көктемінде жүзеге асырыла бастайды. Құрылыс кезінде тоғыз мың адам еңбекпен қамтылады. Ал ипподром мен этноауыл басқа орынға көшіріледі. «Бастысы жасыл аймақтың экожүйесіне зиян келмейді», – дейді әкімдік өкілдері. Айта кетейік, атшабар орнына тұрғын үй кешенін салу жөніндегі түпкілікті шешім қоғамдық талқылаудан кейін қабылданады.