Junior Eurovision 2020 Ұлттық іріктеу финалистерінің дайындықтары қалай өтуде?
«Бәсекеде бағымды сынасам» деген 700-ге жуық қатысушыдан 12 бала финалға өтті. Солардың арасынан тек ең талантты әрі талапты әнші ғана Польшада өтетін халықаралық байқауда өнер көрсетеді.
Махинур Тұрсынова – Ұлттық іріктеудің 3-кезеңіне өткен жас әнші. Махинур еліміз бойынша 9 бен 14 жас аралығындағы 700-ге жуық қатысушының арасынан өз дарынымен дараланып шықты. Ұстазы Людмила Кимнен дәріс алып жүргеніне жеті жыл болған. Осы уақыт аралығында көптеген республикалық ән байқауында үздіктер қатарынан көрінді.
Махинур Тұрсынова, «Junior Eurovision 2020» Ұлттық іріктеудің финалисі:
- 9-сыныпты аяқтаған соң музыкалық колледжге оқуға түссем деймін. Болашақта эстрада жұлдызы болғым келеді. Бұл байқауда бәріне сәттілік тілеймін.
Адия Бұрханова төрт жасынан бері ән айтады. Қазір жасы 12-де. Пианиноны жетік меңгерген ол балалар арасындағы ән байқауларына үнемі қатысып келеді. Адия Түркияда өткен халықаралық эстрада өнері конкурсында топ жарды. Бұдан бөлек жас өрен – «Әнші балапан» бағдарламасының тұрақты жүргізушісі.
Адия Бұрханова, «Junior Eurovision 2020» Ұлттық іріктеудің финалисі:
- Осы байқауда жеңіп, әлемдік аренада бірінші орынды алсам, онда келесі жылы Junior Eurovision біздің елімізде өтуі мүмкін. Менің ойымша бұл өте күшті. Бүкіл әлем Қазақстанға келетін болады.
Адияның өнердегі ұстазы – білікті педагог Әсия Туғанбаева. Ән айтудағы шеберлік дәрісінде әрбір үн мен дыбыстың таза әрі тұнық шығуына мән беретін ұстаз талапшыл. Ал байқауға орай жаңа әнді жаздыртқан. Соны нақышына келтіріп орындау үшін көп жаттығу керек.
Әсия Туғанбаева, педагог:
- Авторлық әніміздің әуені әзір. Енді мәтінін аздап өзгерту керек. Кеше ғана музыкалық продюсермен сөйлестік. Іріктеу кезеңінен үздік шығуға бар қарым-қабілетіміз жеткілікті деп санаймын. Мақсатымыз – Польшаға бару.
12 жас өреннің қатысуымен өтетін Ұлттық іріктеудің гала-концерті 26 қыркүйек күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде көрсетіледі. Үздік орындаушыны қазылар алқасымен бірге көрермен де анықтайды. Ал ең үздік жас әнші қараша айының соңында Варшавада өтетін халықаралық ән байқауында ел атынан өнер көрсетеді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев