Биыл Сыр өңірінің шаруалары суармалы судан таршылық көрді
90 күн суда тұратын Сыр маржанының орнына басқа тиімді дақылдарды егу туралы ұсыныстар да аз емес. Сырдың әлемге әйгілі күрішінің болашағы қандай болмақ? Мамандар не дейді?
Бүгінгі күріш жинайтын заманауи комбайндардың әр данасы 150 мың долларға бағаланады. Сыр маржанын сепкеннен бастап, орғанға дейін алқап басында осындай түрлі техника тыным таппайды. Алайда биылғы су тапшылығы аймақта күріш дақылының келешегі қалай болмақ деген біраз сұрақтың басын ашты.
Мұрат Сәрсенбаев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Қызылорда өңіріндегі комбайн болсын, басқа да бағыттармен алып жатқан техникалар күрішке арналғандықтан, оның бәрін бірден ауыстыру да оңай емес. Сондықтан да осы мақсатта күріштің мәселесін шешу керек.
Ал мамандар биыл егінге су жеткізуде біраз қиындықтар болғанын айтады. Жоғарыдағы су қоймалары өз деңгейінде толмағандықтан, Сырдарияның етегіндегі диқандарды титықтатқаны рас. Аймақтың басты дақылын барынша азайту бастамалары да тіршілік нәрінің әр тамшысына тікелей байланысты болса керек.
Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік учаске бастығы:
- «Күріштің көлемін азайта отырып, басқа аз су пайдаланатын дақылдарды ексін» деген тапсырмалар келіп жатыр. Ол тапсырманы дұрыс қабылдаймыз. Күріш 90 күн суда тұруы керек. Оның көлемін азайтуға болады, бірақ келешекте суымызды толық алуымыз керек.
Аймақтың экологиялық дақылына айналған күріштің көлемі күрт қысқарса, егін алқаптары құмды, шөлейтті, сортаң жерлерге айналады. «Сондықтан ауыспалы егісті де ғылыми негіздерге сүйене отырып енгізу қажет», – дейді ғалымдар.
Бақытжан Дүйсембеков, қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас директоры:
- Сегіз танаптық ауыспалы күріш егістігін енгізген жағдайда, онда бұл – Қызылорда облысында 70-75 мың гектар көлемінде күріш егілу керек деген сөз. Егер одан да артық қысқартып жіберетін болсақ, онда алқаптарда тұздану процесі жүріп, екі жылдан кейін басқа дақылдарды да еге алмай қаламыз.
Ғалымдардың айтуынша пайдасы күріштен 2-3 есе көп, ал суды тым аз қажет ететін түрлі дақылдар мен технологияларды Қызылорда өңіріне енгізуге болады. Бірақ басты басымдық Сыр маржанына берілуі тиіс. Бұл аймақ экологиясы үшін аса маңызды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов