Қостанайда бірегей монша-сауықтыру кешені ашылды
Ішінде 24 түрлі монша, бес бассейні бар кешен қаладағы ірі сауда орталығында орналасқан. Бұл жерге бір мезгілде 1600 адам келіп шомыла алады. Бірақ әзірге карантиндік шектеуге байланысты келушілер қатары аз.
Монша-сауықтыру кешені бұл – үш жыл бұрын тапсырылған СОС орталығының қосымша бір бөлігі. Екі кезеңнен тұратын алып құрылыстың жалпы аумағы 99 мың шаршы метр. Соның төрттен бірі термопаркке тиесілі.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
- Бұл – еліміздегі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі өңірлер арасында ең ірі СОС кешені. Ең бастысы бұл жерге келген қонақтарға, қала тұрғындарына барлық демалатын жағдай жасалған.
Балаларға, ересектерге арналған моншаның 24 түрі, бес бассейні бар. Оның біріне теңіз суы құйылған. Бірақ әзірге карантиндік талаптарға байланысты келушілер саны да, оның уақыты да шектеулі. Мұнда сақтық шараларына аса мән береді.
Владимир Нечитайло, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
- Жуынуға есептелген орынның жартысына ғана қабылдауға болады. Бір адамға төрт шаршы метрден есептелуі тиіс. Бассейнде бес шаршы метрден болуы қажет.
Инвесторлардың қаржысына салынған технопарктің айналасын абаттандыруға бюджеттен қаржы бөлінді. Бірлескен жоба мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
- Осы кешенде 250-ге жуық кәсіпкер өз кәсібін ашып жатыр. Сол арқылы 1150 жұмыс орны ашылып отыр. Қазіргі уақытта бұл – үлкен көмек.
Термопаркті туристерге тартымды ете түсу үшін бұл жерде жаңа нысандар бой көтереді. Таяу жылдары осы СОС орталығының жанынан қонақүй салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг