Junior Eurovision 2020: Бүгінгі өнерпаз – ертеңгі жеңімпаз
Гала-концерт форматында өтетін ақтық мәре де жақындап қалды. Ұстаздарынан жан-жақты тәлім алған жас өнерпаздар соңғы дайындығын пысықтап жатыр.
Junior Eurovision Ұлттық іріктеу кезеңіне өткен 12 үміткердің ішінде екеуі ғана ер бала. Оның бірі – Ислам Сайполда. Жасы 11-де. Елордадағы №29 орта мектеп оқушысы. Осыдан төрт жыл бұрын белгілі әнші әрі актриса Айгүл Иманбаеваның өнер мектебіне жазылып, дарыны мен біліктілігін шыңдап келеді. Дауысы – лирикалық тенор.
Ислам Сайполда, Junior Eurovision 2020 байқауының ақтық сынына қатысушы:
- Мен кішкентай кезімнен бастап анам ән қосқан кезде оған қосылып, ыңылдап жататынмын. Анам мені Айгүл Иманбаевның шеберханасына алып келді. Көбіне ағылшын әндерін айтып жүремін. Мен өтетініме 100% сенемін, өйткені менің ұстаздарым өте мықты дайындайды.
Ислам вокалмен қатар хореографияға және актерлік шеберлік сабақтарына да ерекше мән береді. «Өйткені нағыз артис жан-жақты болуы керек», – дейді ұстазы.
Айгүл Иманбаева, Ислам Сайполданың ұстазы:
- Қазіргі заманда әлемнің түкпір-түкпіріндегі үлкен шоқ жұлдыздардың қай-қайсысымен де дуэт айтуға мүмкіндіктерің бар деп үнемі балаларға айтамын. Оның бір дәлелі – Димаш. Данэлия мен Ержан да дәлелдеді.
Келесі үміткеріміз – Камила Ғазизқызы. үш жасынан ән айта бастаған. Фортепиано, гитара, скрипкада ойнайды. Таяуда бұл қатарға саксофонды да қосты. Анасы Арманның айтуынша бойындағы таланты нағашы әжесінен дарыған. Бала кезде талай байқауға қатысып, жоғары орындардан көрінді.
Камила Ғазизқызы, Junior Eurovision 2020 байқауының ақтық сынына қатысушы:
- 31 тамызда алдыңғы іріктеу нәтижесін отбасыммен бірге күттік. Теледидарда менің есімімді атаған кезде қуанышымыз қойнымызға сыймады. Ел намысын абыроймен қорғап, жүктелген үмітті ақтауға тырысамын. Жеңімпаз атануға дайынмын.
Ал ұстазы Зәмзәгүл Бегалинаның вокалдан сабақ беріп жүргеніне бес жылдан асты. Шәкіртінің жеңімпаз атануына толық мүмкіндігі барын айтты.
Зәмзәгүл Бегалина, Камила Ғазизқызының ұстазы:
- Менің ойымша, Камила осы іріктеу кезеңінде өз мүмкіндігін көрсетіп, жақсы дайындалды. Сәттілік серік болады деп ойлаймын. Жоғарғы ноталарды өте таза, жеңіл алады.
Осылайша қос үміткер де тек жеңістен үмітті. Бұған ұстаздары да сенімді. Ендеше қатысушыларға сәттілік тілейміз.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев