Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжіне 90 жыл
Айтулы мерейтойға орай оқу орнына есімі берілген социалистік Еңбек ері, соғыс және еңбек ардагері Исатай Әбдікәрімовтің бюсті жаңғырту жұмыстарынан кейін қайта ашылды.
Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің тарихы сонау 1930 жылдардан басталады. Сол уақыттағы зоотехникумның атауы бүгінге дейін төрт мәрте өзгертілген. Ал 2003 жылы қоғам қайраткері, социалистік Еңбек ері, соғыс және еңбек ардагері, техникум түлегі Исатай Әбдікәрімовтің атына берілді.
Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары:
- 90 жылдық мерейтой қарсаңында жасарып-жаңарған, қайта жабдықталған оқу орнының бүгінгі келбетіне сән беріп, көз қуанышына айналар деген сеніммен арнайы гранит таспен қапталып, қоладан құйылған И.Әбдікәрімовтің ескерткішін қайта ашуды колледж ұжымы ұйымдастырып отыр.
Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында туған Исатай Әбдікәрімов 18 жасында соғысқа аттанады. Ал майданнан оралғаннан кейін ел тұрмысын түзеу жолында тер төгіп, шаруашылықтың сан саласында шыңдалған. Аймақта аудан басқарып, облыстық партия комитетіне жетекшілік еткен Сыр перзенті Қазақ КСР Жоғары кеңесі төралқасының төрағасы болып тағайындалады. «Қай қызметте жүрсе де қайраткерлігінен танған жоқ», – деп еске алады замандастары.
Қазыбай Құдайбергенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры:
- Ақиқаттың ала жібін аттамай, дүние қумай, өмірден озған азаматтар. Сондықтан олар біздің келешек ұрпақтарымызға үлкен өнеге болатын тұлғалар деп ойлаймын.
Биыл колледж жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Техникалық базасы қайта жабдықталды. Мерейтой қонақтары уақыт талабына сай жабыдақталған оқу кабинеттерімен қатар колледж музейіндегі Исатай Әбдікәрімовтің өмір жолынан сыр шертер жәдігерлермен танысты.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов