Әлеуметтік жағдайы төмен мемлекеттік қызметшілер қысқартылмайды
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мәлімдеді. Ол сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшыларына қысқарту шарасын іске асыру кезінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарды алып қалуға кеңес берілетінін жеткізді. Ал мемлекеттік қызметте үш жылдық еңбек өтілі бар адамдар қысқартуға іліксе, жұмыстан шығарда оларға орташа айлықтың төрт еселенген мөлшері беріледі. Бұл норма тәжірибелі қызметкерлерді жүйеде қалдыруға ынталандыруға бағытталған. Естеріңізде болса, Президент Жолдауында мемлекеттік қызметшілерді 25% қысқартуды тапсырған. Анар Жайылғанованың айтуынша, жауапты хатшыларды қысқарту да өзекті мәселе, ол мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейді.
Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Жауапты хатшылар қысқартылғаннан кейін олардың міндеттері аппарат басшыларына беріледі. Аппарат жетекшілерінде «А» корпусының мәртебесі сақталады. Президенттің бұл тапсырмасын орындау үшін агенттік заңнамалық түзетулер пакетін әзірледі. Ол жыл соңына дейін қабылданатын болады.