Junior Eurovision Ұлттық іріктеуі финалистері Ержан Максимнен шабыт алды
Халықаралық ән байқауының талабы бойынша оған Еуропалық хабар тарату ұйымына мүше елдердің өкілдері ғана қатыса алады. «Хабар» Агенттігі – аталған одаққа мүше еліміздегі жалғыз телеарна. Беделді байқаудың сахнасында өнер көрсетуге үміткер Ұлттық іріктеу барысында таңдалады. Ал осы гала-концерт алдында 700 қатысушының ішінен оқ бойы озып шыққан 12 жас өнерпаздың дайындығы қалай жүріп жатыр?
Ел атынан өнер көрсетуге үміткер 12 жас өнерпаз былтырғы Junior Eurovision жүлдегерінен шабыт алды. Әнді нақышына келтіріп орындаудың қыр-сырын білді. Халықаралық ән байқауында 2-орынға ие болған Ержан Максимнің «Арманнан қалма» әнін сайыскерлер 26 қыркүйек күні сахнада, яғни гала-концертте бірге шырқайтын болады.
Ержан Максим, Junior Eurovision 2019 жүлдегері:
- Ең бастысы, бір Аллаға сеніп, әнімді жүрекпен айтып, халықтың шапағатына бөленіп шықсам болды.
Байқауға орай жас өнерпаздар еш жерде шырқалмаған әнді орындауы тиіс. Осы ретте ұйымдастырушылар әр финалиске арнап қазақстандық үздік композиторларға әуен жаздырған.
Асланбек Қонәлиев, ұйымдастырушылар алқасының стар-менеджері:
- Әр баланың өз деңгейіне, диапазонына қарап, әртүрлі жанрда композиторларымыз ән шығарып беріп жатыр. Енді сол әнмен осы сайыста өнер көрсетеміз.
Композитор Шырын Базарқұлова сайыскерлерге арнап жазған екі әні де көрерменнің де, қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болады деген пікірде.
Шырын Базарқұлова, композитор:
- Балалармен жұмыс істеген оңай. Олар күш береді. Шабыт аласың. Нәтижесінде керемет ән пайда болады. Ересек адамдармен сәл қиындау. Өйткені әннің шырқалуы, оранжировкасы жөнінде келіспей қалатын тұстарымыз болады. Ал балаға композитор бағыт береді.
Ұлттық іріктеудің гала-концерті 26 қыркүйекте «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі. 12 жас өреннің ішінен жеңімпазды анықтауға қазылар алқасымен бірге көрермендер де атсалыса алады. Оқ бойы озып шыққан жас әнші қазақ елінің намысын қараша айының соңында Варшадава қорғайтын болады.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Болатбек Таболдиев