Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы өршіп барады
Ресми ақпарат бойынша, соңғы он шақты күнде 199 мыңнан астам құс өлген. Бүгін тағы 11 ауыл карантинге жабылды.
Осылайша 28 елді мекенде шектеу шаралары енгізілген. Ал мамандар сәт санап көбейіп жатқан өлекселерді жойып үлгермей жатыр. Сондықтан құстарды полигондарда өртеуге мәжбүр.
Бұл – өлекселерді өртейтін арнайы инсинератор пеші. Нұр-Сұлтан қаласынан әкелінген. Республикалық эпизоотикаға қарсы күрес жасағының өкілдері Бескөл құс фабрикасындағы өлекселерді осы құрылғының көмегімен жоюда. Мамандар күндіз-түні еңбек етіп жатыр.
Файзолла Бегенов, республикалық Эпизоотияға қарсы күрес жасағының өкілі:
– Мынау біздің инсинераторымыз бір апта болды тұрғанына. Сөткелеп істеп жатыр. Жігіттерге көптен-көп рақмет. Өздеріңіз көрдіңіздер, бұл үстінен салынады. Содан кейін крышкасы жабылады. Мың градусқа дейін көтеріледі. Ең алдымен қыздырып алады.
Қырылған құстардың санында шек жоқ. Өлекселер фабрика аумағында тау болып үйіліп жатыр. Исі де қолқаны қабады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
– Мына тұрған инсинератор пешін бір жаққанда шамамен 1500 бас құс жанады екен. Оның қуаттылығы – үш тонна. Бір жұма уақыттың ішінде нақ осы құс фабрикасынан 175 мыңнан астам қанатты осы құрылғының көмегімен жойылған.
Қазір әр ауданда шағын ғана осындай жылжымалы өртеу қондығылары жұмыс істеп тұр. Ал Қызылжар ауданында құстардың жаппай қырылуына байланысты өлекселер полигонда да өртеліп жатыр. Ол үшін арнайы жер учаскесі де бөлінді.
Берік Әлжанов, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
– Құс өлімінің көбіне байланысты мына қондырғы бәрін өртеуге техникалық мүмкіндігі жоқ. Сондықтан кеше осы Бескөл ауылдық округінің аумағында арнайы мал қорымына бөлінген жерде шұңқыр қазып, осы құстарды өртеу жұмыстары жүргізілді. Өртеу жұмыстары біткеннен кейін толығымен ол жер залалсыздандырылып, қайтадан көміп тасталады.
Өңірде құс тұмауының беті қайтар емес. Ресми ақпарат бойынша, соңғы он шақты күнде 199 мыңнан астам құс өлген. Жағдайдың ушығуына байланысты бүгін тағы 11 ауыл карантинге жабылды. Осылайша 28 елді мекенде шектеу шаралы енгізілген.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов