Жамбыл облысында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдайтын жоба басталды
«Мейірім» деп аталатын жаңа жоба тұжырымдамасында балалардың құқықтық кепілдігінен бастап, білім беру, баспана және жұмыспен қамту мәселесіне дейін қарастырылған.
Өмірлік қиын жағдайдағы жеткіншектерге балалық шақтан үйленіп үй болғанға дейін қолдау көрсетілмек. «Мейірім» жобасы осыны көздейді. Тың бастаманың тұсаукесеріне мемлекеттік мекемелердің басшылары, ірі кәсіпорын жетекшілері мен белді кәсіпкерлер қатысты. Олардың әрқайсысына сүйемелдеу көрсетіп, өмірге бейімдеу үшін бірнеше баладан бекітілген.
Мұқаш Ескендіров, кәсіпкер:
- Өте үлкен маңызды іс деп ойлаймын. Ата-ананың орнына қамқоршы болуға тырысып көреміз. Олардың мамандық таңдауына, тәжірибе алуына көмектесеміз. Еліміздің үлкен патриоты, Қазақстанды сүйетін азаматы ретінде өсулеріне тілектеспін. Олардың сондай болатынына сенемін.
«Мейірім» жобасына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 135 бала енді. Олардың әрқайсысына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашылды. Бекітілген демеушілер мен мекемелер қаржыны әр баланың жеке шотына салып отырады. Жеткіншек 18 жасқа толғанға дейін бұл ақшаны баланың өзі де, өзгелер де жарата алмайды. Тек кәмелетке толғаннан кейін ғана баспана алуға мүмкіндік туады.
Талғат Жамалов, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Әлеуметтік келісімшарт жасалды. Бұл жерде үш жақ бар. Жинақ банкісі шот ашып береді. Балалар үйі қадағалап отырады. Ал демеуші қаржы салып тұрады. Біз жылына бір рет, яғни қараша айында осы жиналған қаржы қор бойынша демеушілерден бір рет ақпарат жинақтап тұрамыз. «Не істелді? Не істелмеді?» деген сияқты. Біз ешкімді қинамаймыз.
Алғашқы қолдау көрсету шара барысында басталды. Бес балаға 1 млн теңгелік сертификаттар табыс етілді. Бұл қаржы бірден олардың шотына түсетін болады. Айта кету керек, облыста 18 жасқа дейінгі 1352 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөсіпірімдер бар. Қазір осы әлеуметтік санатқа жататын 113 бала облыстың мемлекеттік мекемелерінде тәрбиеленуде.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә