Құстары қырылған тұрғындар өтемақыдан қағыламыз ба деп алаңдап отыр
Себебі төлемақының қашан және қаншадан болатынынан көпшілік бейхабар. Кейбіреуі: «Сараптама актісінде шығын көлемі азайтылып көрсетілген», – дейді. Мысалы, Қостанай облысының Красная пресня ауылындағы бір үйдің 1300-ге жуық құсы өлген. Соның тек жартысы ғана өтемақыға ілігіп отыр.
Бес жыл бұрын қаладан ауылға оралған Тасболат Оралұлы құс өсіруді қолға алды. Кең қора салып, инкубатор алып, құс басын асылдандырып, енді аяққа тұрып келе жатқанда бір сәтте бәрі құрдымға кетті.1300-ден астам қаз-тауығының басым бөлігі қырылып, қалғанын өздері өлтіріп, отқа жақты. Шығын шаш-етектен.
Тасболат Оралұлы, Красная Пресня ауылының тұрғыны:
– Бір әтеш 3500-4 мыңдай, жай тауықтар 3 мыңдай тұрады. Қаз-үйрек 6 мыңнан тұрады.
Ал өтемақы мөлшері соның жартысына да жетпейді. Оның сыртында ветеринарлық инспекция қырылған құстар санын екі есе кемітіп көрсетіпті. «Құс өлекселерін жоюдың басы-қасында болған жоқпыз», – деген уәж айтатын көрінеді.
Тасболат Оралұлы, Красная Пресня ауылының тұрғыны:
– Аудандық, облыстық ветеринария дәрігерлерінің бәрі басы-қасында болды. Барлығы: «Құстарды өртей беріңдер», – деді. .Фото, бейнеге түсірдік. Тіпті олардың күні мен сағатына дейін бар.
Ал облыстық Ветеринария басқармасындағылар: «Бізге айтпай, өзі өртеді», –деп оның сөзін жоққа шығарып отыр.Сондықтан індеттен өлген 700-ге жуық құсқа акті жасалмаған.
Бауыржан Бекет, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
– Ол кісілердің айтуынша, 1200-ден астам құс өлді дейді. Ал біздің ветеринар қызметкерлер комиссия құрып барғанда көріп отырғаны 600-дың сыртында ғана.
Жалпы бұл ауылда құстардың індеттен қырылуы қыркүйектің 15-нен басталды. Жеті үйдің 1400-ге жуық үйрек-қазы өлген. Содан бері жүргізіліп жатқан вакцинация әлі аяқталмапты. 400-ге жуық құсқа вакцина егілмегенін ауыл әкімі де растап отыр. «Жуық арада бұл жұмыс толық аяқталады», – деп сендірді. Жалпы облыста 400 жүз мыңға жуық құс өліп, сегіз ауылда карантин жарияланған. Бұл індет әсіресе құс өсіруді кәсіп еткендерге ауыр соққы болды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг