СҚО-да COVID-19 қайта күшейді ме?
Күні кеше Булаев қаласы карантинге жабылды. Осыны естіген ел-жұрт: «Солтүстік Қазақстан облысында COVID-19 қайта күшейді ме?», – деп елеңдеп отыр.
Ол жақтағы эпидемиялық ахуал шынымен ушықты ма?
Мағжан Жұмабаев ауданы Ресеймен шекарада орналасқан. Соңғы екі аптада мұнда 24 адамнан қауіпті індет анықталған екен. Оның 15-і осы Булаев қаласының тұрғыны. Сондықтан коронавирус инфекциясын жаппай жұқтырып алмас үшін аудан орталығы карантинге жабылды. Шаһарда төрт бірдей блок бекет орнатылды. Қазір онда полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.
Қайрат Бимендин, М.Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің бастығы:
– Шекарада біздің бір қызметкеріміз тұр. Солар ана жақтан тізімді дайындайды да, біздің кезекші бөлімге звондап айтады. Осы жерден батальон шығады. Қарсы алады да оларды екі күнге дейін анализдері дайын болғанша провизорлық центрға апарып жатқызамыз.
Транзиттік және азық-түлік тасымалдаушылардан басқа көліктерге қалаға кіріп-шығуға рұқсат жоқ. Жолаушылар тасымалы түбегейлі тоқтады. Ал кәмелет жасына толмағандардың кешкі 7:00-ден кейін жалғыз жүрулеріне тыйым салынды. 65-тен асқандар оқшаулану режимін ұстанулары шарт. Ал аумағы 500 шаршы метрден асатын кәсіпкерлік нысандардың жұмысы 16:00-ге дейін қысқартылды. Қазір жағдай мамандардың қатаң бақылауында.
Самат Барменбаев, облыстық ТКҚСҚ Бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Эпедемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Қарым-қатынаста болған адамдар тексерілді. Ауырған адамдар емделіп жатыр. Балабақша, мектептерде кезекті топтар жұмысын жалғастырады. Тамақтану объектілері сағат 20.00-ге дейін істейді.
Әзірге шектеу шараларының қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Петропавлда 200 орынға шақталған инфекциялық аурухана салынып жатыр. Жуырда халық игілігіне беріледі. Жалпы өңірде короновирус инфекциясының екінші толқынына дайындық қызу.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов