Омарташылық оңды бизнес болғалы тұр
Облыста қазір не бары 50 шақты шаруашылық бар екен. Енді оның санын көбейтіп, омарташылықтың аясын кеңейту көзделіп жатыр.
Агроғалымдар шаруа қожалықтарымен бірлесіп, бал өндірісін жаңа белеске көтеретін керемет жобаны қолға алды.
Сергей Кривобоков – омарташылықты озық меңгерген. 90 жылдары өзінің жеке қожалығын құрды. Агроқұрылым мол табыс көзіне айналған еді. Алайда қазір алынатын өнім көлемі көңіл қуантпайтынын айтады. Өйткені соңғы жылдары аймақта қуаңшылық.
Сергей Кривобоков, омарташы:
– Биыл тек бір жарым тонна бал алдым. Әдетте, жылына 4-5 тонна өнім алатын едім. Табиғи өнімге сұраныс жоғары. Әсіресе пандемия кезінде тұрғындар көбірек сатып алды. Бал түрлі бактерияларды өлтіреді. Шаруашылықты дамытуға қуаңшылық кері әсерін тигізіп отыр.
Омарташыға биыл студенттер қолғабыс қылуда. Аграрлық университеттің оқыту үрдісіне ара өсіру пәні енгізілген. Зоотехника және ветеринария саласының болашақ мамандары агроқұрылымда тәжірибе жинақтайды. Университет араларға арналған 10 ұяшық сатып алған. Алғаш алынған өнім мөлшері 100 келідей болды. Оқытушылар алдағы уақытта ветеринарлық-санитарлық сараптама орталығын жасақтап, аралардың денсаулығы мен бал сапасын ұдайы тексеріп отыруға жағдай жасамақ.
Берік Сатыбаев, университет оқытушысы:
– Араларды алдағы уақытта складқа салған кезде, оларды қысқыға дайындаған кезде ауруларды емдеу барысында ветеринария мамандықтары сол ауруларды анықтау барысына үлестерін қосуда.
Сергей Кривобоков өз иелегіндегі 600 га алқапқа жыл сайын құнарлы өсімдіктер егеді. Омарта шаруашылығын оңалту үшін жем-шөп базасы қажеттігін айтады. Ал егін егу қомақты қаражатты талап етеді.
Сергей Кривобоков, омарташы:
– Араларға қажетті азық қоры жеткіліксіз. Көбіне күнбағыс егеміз, бірақ ол гибрид тұқымдас, одан көп бал жинай алмайды. Оларға мол азық болатын өсімдік түрлері керек. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе дейміз. Мәселен, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында омарташыларға субсидия беріле бастады. Бізге қаржылай көмек берілсе, кәсібімізді жандандырар едік.
Облыста омарта шаруашылығымен айналысатын 50 шақты қожалық бар. Барлығы да кадр мен қаржылай қолдауға зәру. Саладағы түйткілдерді шешу үшін кешенді жоспар қажет. Шаруалар университет пен агроқұрылым арасындағы байланыс – омарташылықты оңалтуға жаңа жол ашады деген сенімде.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұдов