Каспий теңізінің түбін тереңдету қоршаған ортаға зиян болуы мүмкін
Сол арқылы жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын екі канал қазылады. Бұл Қашаған мұнай-газ кен орнының кеме қатынасын жақсартады. Алайда экологтар тереңдету жұмыстары су айдынының биоалуантүрлілігіне кері әсерін тигізеді деп алаңдап отыр.
Соңғы 15 жылда Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейі айтарлықтай төмендеген. Мұнай өндіруші компания қызметкерлерінің айтуынша теңіз түбі тереңдетілмесе, бес жылдан кейін мұнай өндірісі тұралап қалуы әбден мүмкін. «Алайда тереңдету жұмыстары су айдынындағы биоалуантүрлілікке кері әсерін тигізеді», – дейді эколог мамандар.
Арман Хайруллин, эколог:
- Теңіз түбіндегі су түбі бентусқа тұнған. Мұның барлығы балықтың азықтық қоры. Егер қазатын болса, осының бәрі өлетін болады. Балық шаруашылығына үлкен кері әсерін тигізеді деп есептеймін. Мұны нақты зерттемей тұрып, бұл жұмыстарды бастау әлі ерте деп санаймын.
Теңіз түбін тереңдету арқылы салынатын екі каналдың ені 80 метрден 115 метрге дейін болады. Мұнай өндіру компаниясы қызметкерлерінің айтуынша тереңдету жұмыстары кезінде қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін талдау жүргізіліп, мемлекеттік органдармен келісім де жасалғаны көрінеді.
Қуанышбек Маханов, мұнай-газ компаниясының өкілі:
- Пандемияға қарамастан, компания қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін жобаны әзірлеу кезінде экологиялық әрі биотехникалық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ осы жобаны дайындау барысында мемлекеттік органдармен бірқатар алдын ала кездесу өтті. Өңір жұртшылығымен де жүздестік.
Теңіз түбін тереңдету жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасымен Экология департаменті әлі таныспаған. Әзірге белгілі болып отырғаны, тереңдету кезінде 19 млн-ға жуық текше метр топырақ шығарылады екен. Бұл жұмыстар 2021 жылдан бастап 2022 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов