Елордадағы желілік полицияда маман тапшы
Сонда жалақысы аз ба, әлде жұмысы қиын ба? Осыған қарамастан, теміржол вокзалының маңында ұрлық-қарлық деңгейі айтарлықтай төмендепті. Яғни аз адамның жұмыла атқарған қызметі сапалы нәтиже көрсетіп отыр.
Жолда құжаты жоқ, күмәнді жолаушы жүрмеуі тиіс. Әйтпесе сапарда жүрген адамның көңіліне күдік ұялап, бойын мазасыздық билейді. Сондықтан вокзал маңындағы қоғамдық қауіпсіздіктің қадағаланып, жолаушының алаңсыз жүруіне жағдай жасалуы тиіс. Міне, осы жүкті желілік полиция қызметкерлері арқалайды.
Ғалым Омарбеков, желілік Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:
- Биыл ең ірі ұрлық – үш жолаушы бірге келе жатып, қалталарындағы ақшаларының жоғалуы. Қазіргі таңда ұры құрықталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Нұрбол Сексенбаев, рота командирі:
- Поезда көп кездесетін құқықбұзушылық – ішімдік ішу және белгіленбеген орында темекі тарту. Былтыр жұмыс істемейтін тамбурда темекі тарту рұқсат етілген болатын, қазір рұқсат жоқ. Оны көбі біле қоймайды.
Ақмола облысының аумағына кіретін кейбір теміржол нысаны мен пойыздардағы қауіпсіздікті бақылау да осы елордадағы кеңсенің мойынында. Яғни жер аумағы үлкен. Сондықтан қызметкерлерге артылатын жауапкершілік те жоғары. Алайда осы міндетті бас аяғы 170 қызметкер атқарып келеді. «Бұл аз», – дейді сала басшылары. Әсілінде штат 200 болуы тиіс екен. Демек, қызметкер саны 20% кем. Бірақ басқарма қызметкерлері азбыз деп ауызды құр шөппен сүртіп отырған жоқ. Қоғамның қауіпсіздігі жолында жанын салып жүр. Солардың бірі – Арай Жансерікова.
Арай Жансерікова, полиция сержанты:
- Әрбір қылмысты ашу барысындағы жұмыстар мені қызықтырады. Айлықты аз деп айта алмаймын. Ертең офицер боламын, сол кезде менің де айлығым көтеріледі.
Иә, қанағат қарын тойдырады. Қазіргі алып жүрген жалақысы аса көп болмаса да, жас маман басқарманың болашағына сенеді. Сондықтан қызметіне адал. Мәселен, былтыр затынан көз жазып қалған 800-ге жуық жолаушы осы қызметкерлердің көмегіне жүгініпті. Ал биылғы тоғыз айда жүзден астам дерек тіркеліп отыр. Демек, ұрлық-қарлық айтарлықтай азайған. Алайда үй жануарларына немқұрайлы қарау фактісі әлі де көп.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Қалай болғанда да сала мамандары өз қызметін жалғастыруда. Тек елордадағы қос вокзалда күнделікті 15-20 мың жолаушы арлы-берлі қатынайды. Бұл карантин кезіндегі жағдай. Әдеттегі уақытта бұл сан 30-35 мыңға жетеді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Серік Қоңырбаев