Елімізде коронавирусқа зертханалық талдау жүргізу құны 22 процентке арзандауы мүмкін
Алексей Цойдың сөзінше, қазір күніне 48 мың ПТР тест жасалады. Өңірлерге зертханалық жабдықтар жеткізіліп, медициналық мамандар қосымша оқытылды. Нәтижесінде күніне 63 мың тест жасауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау үшін стационарлар мен провизорлық орталықтарда медициналық препараттардың жеткілікті қоры құрылды. Нақтырақ айтқанда, 16 миллиард теңгеге дәрі-дәрмектің 91 түрі жеткізілген.
Бұдан бөлек, емді емханаларда қабылдау үшін 1 миллион науқасқа арналған ыстықты түсіретін және антикоагулянттық дәрілер сатып алынған. Коронавирустың бірінші толқыны кезінде жедел жәрдем шақыру бірнеше есе артқан еді. Осы мәселені шешу үшін 15 қарашаға дейін жедел жәрдем станциялары 1 мың 200-дей жаңа көлікпен толықтырылмақ.
Сондай-ақ шалғайда дертіне дауа іздегендерге қандай көмек көрсетілетіні де айтылды.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Бүгінде шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету мақсатында 28 жылжымалы кешен құрастырылып шығарылды. Оның жартысы Қостанайға жеткізілсе, қалғандары өзге өңірлерге таратылады. Келісімшарт бойынша барлығы 20 қазанға дейін жеткізілуі тиіс.