ШҚО-да жөндеуден өткен жолдың сапасы сын көтермейді
Ол үшін облыстық бюджеттен 800 миллион теңге бөлінді. Алайда қыруар қаражатқа атқарылған жұмыстың дені сапасыз болып шықты. Салынған және жөнделген жолды тексеретін республикалық зертхана мамандары төселген асфальт жобада көрсетілгеннен әлдеқайда жұқа екенін анықтады.
Риддер қаласының шетіндегі 1 шақырымнан аса бұл айналма жолда бұрын тек қиыршық тас болған. Өндіріс нысандары шоғырланған шағын аудан болғандықтан, негізінен ауыр көліктер жүреді. Дегенмен биыл бірінші рет асфальт төселді. Ол үшін облыстық бюджеттен 23 миллионнан аса теңге бөлінген. Алайда тендерді жеңіп алған жергілікті компания асфальтты тым жұқартып жіберген.
Айдос Қабылбаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК инженері:
– Маусым айында тексеру болған. Сол кезде жалпы қалыңдығы шықпаған болатын. Кернь алынған. Қайта тексеру барысында қалыңдығы әлі жетпейтіні анықталды. Яғни нақты қорытындысы 4,15 сантиметрді көрсетті. Жалпы қалыңдық 6 сантиметр болуы керек.
Алты сантиметр болу керек екенін мердігер компания директоры да біледі. Бірақ неліктен бірден төсемегенін ашып айта алмады. Дегенмен жетпей қалған 2 сантиметрді келесі жылы салмақ екен.
Виктор Скрепков, мердігер мекеме директоры:
– Көктемде жолдың жағдайын тағы бір тексереміз. Егер бүлінген жері болса, кепілдікке сай жөндейміз. Ал жетпейтін 2 сантиметр асфальтты да сол кезде жеткізетін боламыз.
Жетпей қалған асфальттың қайда кеткенін Жемқорлыққа қарсы департамент анықтамақ. Жалпы қадағалаушы орган қызметкерлері биыл облыс көлемінде жөнделіп жатқан жолдардан 16 кемшілік анықтаған. Оның қатарында Риддердегі жолдар да бар.
Ринат Нәбиев, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
– Жалпы, міне, осы жерден Ұлттық сапа орталығы өздерінің зертханасында асфальт құрамына зерделеу жасап, оның қорытындысын шығарады. Егер де кемшіліктер анықталса, мердігерге жолданады. Жемқорлыққа қарсы қызметке де жолданады. Біз бақылауға аламыз.
Орындалуын негізі Техникалық қадағалау мекемесі бақылауы тиіс. Зертхана мамандары көрсеткен кемшіліктерді мердігерге уақытылы түзеттіруге міндетті. Бірақ ешбір нұсқау бермеген. Ал Риддер қаласындағы 400 шақырым жолдың биыл 10 шақырымнан астамы жөнделген. Осы жалпы жөнделген жолдан алынған сынамалардың барлығы да талапқа сай болмай шықты.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин