Нағыз не жалған ақшаны қалай ажыратуға болады?
Бірақ соған қарамастан жалған ақша жасап шығаратындардан сақ болған абзал.
Ұлттық банктің мамандары қазақстандықтар үшін жалған ақша мен нағыз ақшаны айыру аса қиынға түспейтінін айтады. Ең бастысы «Сезін, қара, аударып көр» әдісін қолданса жеткілікті.
Банкноталарды сараптау басқармасының басшысы Асхат Әбішев нағыз ақшаны жалған банкноттан ажырату үшін ешқандай арнайы жабдықтың керек еместігін айтады.
Асхат Әбішев, ҚР ҰБ Банкноттар мен монеталар сараптама басқармасының басшысы:
– «Қазақстанның Ұлттық банкі» деген сөзі арқылы, Қазақстанның картасының арт жағындағы номиналы арқылы қолмен сезінуге болады. Банкнотаны аударып көру керек. 1 мың теңгеден бастап, 20 мың теңгеге дейін түсін өзгертетін элементі бар.
2020 жылдың жеті айында 400-ге тарта жалған банкнот қазақстандықтардың қолында айналымда болған. Бұл – 1 миллион 200 мың теңге.
Дегенмен ҚР Ұлттық банкі: «Былтырғымен салыстырғанда жалған ақшаның саны екі есеге жуық қысқарды», – деп отыр. Қазақстанда қолдан жиі жасалатын банкноттар – 2 және 5 мың теңгеліктер. Жалған ақшалардың дені Алматы қаласында анықталған. Бас-аяғы 381 жалған банкноттың 243-і осы қаладан шыққан.
Асхат Әбішев, ҚР ҰБ Банкноттар мен монеталар сараптама басқармасының басшысы:
– Сонымен қатар барлық көзі нашар көретін адамдарға арналған бедерлер бар. Олар банкноттардың төменгі жағында орналасқан.
Осы ретте ҚР Ұлттық банкі былай деп ескертеді: «Жалған банкноттар және монеталарды жасаған немесе өткізу мақсатында сақтаған тұлғалар Қылмыстық Кодекстің 231-і бабына сәйкес 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады».
Авторы: Гүлжан Марқабаева