Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпаратқа қолжетімділік бағытында уәкілетті орган болмақ
Сондай-ақ дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу институттарын дамыту керектігі де сөз болды.
Министрлік ақпаратқа қолжетімділік бағытында уәкілетті орган болу үшін қазір тиісті заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үстінде. Бұл біріншіден, жауапкершілік пен бақылауды арттырады. Кейін заңның жеке нормаларын қолдану аясы кеңеймек.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Әрбір мемлекеттік органда қолданысқа штаттық бірлік есебінен өкілетті кұрылым немесе лауазымды тұлға тағайындалады. Заңнамалардың орындалуын ең жоғарғы деңгейде бақылау ұстау үшін ақпаратқа қол жеткізу саласының ахуалы туралы Мемлекет басшысына жыл сайын есеп беріледі. Екінші тапсырма – ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның кейбір нормаларын қолдану аясын кеңейту. Атап айтқанда, ақпарат иелері қатарына мемлекеттік органдардың функцияларын жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерін, өзін-өзі реттейтін және ҮЕҰ қосу ұсынылды.
Бұл түзетулер қазір Парламентке енгізілген. Жыл соңына дейін Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілмек. Сондай-ақ министр Президент Жолдауын да түсіндіре кетті. Қазіргі таңда Қазақстанда орталық және жергілікті билік органдарының жанынан 234 Қоғамдық кеңес құрылды. Олардың құрамына қоғамның түрлі топтарының мүддесін қорғайтын 3,5 мыңға жуық белсенді азамат қосылды.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Кеңес отырысында осы уақытқа дейін 19 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер жобасы қаралды. Бүгінгі күні барлық нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын Қоғамдық кеңестермен келісу міндеттелген. Бұл өз кезегінде халықты мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысуға мүмкіндік беріп, әзірленген актілердің сапалық деңгейін көтерді.
Сонымен қатар дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу институттарын дамыту керектігі айтылды. Қазір түрлі келеңсіздіктерді фемида өкілдеріне жүгіну арқылы шешу кең тараған. Бұл азаматтар мен соттардың жүктемесін көбейтеді. Тараптардың уақыты мен қаражаты жоғалады. Осылайша министрлік медиация мәселесінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің үздік дәстүрлеріне сүйенуге ниетті.
Авторы: Риат Шони